Ірі химия зауытының құрылысы басталды
Облысымызда натрий цианидін өндіретін жаңа зауыттың құрылысы ресми түрде басталды. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, бұл жоба ел Президентінің Жолдауында айқындалған индустриялық-инновациялық міндеттерге толық сәйкес келетінін атап өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Өңір басшысы өз сөзінде Жамбыл облысы химия өнеркәсібіндегі жетекші аймақ екенін тілге тиек етті. Қазақстанда фосфор, аммофос және натрий цианидінің түгелге жуығы Жамбылдағы кәсіпорындарда өндіріледі.
– Президент еліміздің әлемдік аренадағы орны инвестиция тарту деңгейіне тәуелді екенін үнемі айтады. Біз жаңа өндірістер құру мен инновация енгізуді облыстың дамуының негізгі бағыты етіп отырмыз. Натрий цианидін өндіретін зауыт өңірдің ғана емес, елдің де индустриялық әлеуетін арттырады. Бұл жобаны табысты жүзеге асыратынымызға сенімдімін, – деді Ербол Қарашөкеев.
Зауыт Шу ауданындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында салынуда. Ірі жобаны «Altynalmas Reagents» ЖШС жүзеге асыруда. Жобаның құны – 68 миллиард теңге. Жылдық қуаттылығы 25 мың тонна натрий цианидін өндіретін зауыт 2027 жылдың IV тоқсанында пайдалануға берілмек.
Бұл өндіріс алтын өндіру саласының химиялық реагенттерге тәуелсіздігін күшейтіп, ішкі нарықты толық қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, өнім Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Моңғолияға экспортталмақ.
«Altynalmas Reagents» серіктестігінің бас директоры Уәлихан Атагелдиев жобаның әлеуметтік маңызын ерекше атап өтті.
– Біз шамамен 250 жаңа тұрақты жұмыс орнын ашамыз. Қызметкерлердің 96 пайызы Қазақстан азаматтары болады. Жергілікті мамандармен бірге техникалық жоғары оқу орындарының түлектерін тартуды да көздеп отырмыз. Бұл – заманауи өндіріс, сондықтан қызметкерлерді оқыту және біліктілігін арттыру үздіксіз жүргізіледі, – деді ол.
Жаңадан басталған натрий цианиді зауыты – облыстың химия өнеркәсібіндегі жаңа серпілісі. Бұл жоба өңірге инвестиция тарту қарқынын күшейтіп, өнеркәсіптік әлеуетті арттыруымен қатар, ондаған жылдарға есептелген тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Жамбылдың индустриялық даму картасында бұл жобаның маңызы ерекше болмақ.