Шалғайдағы шулықтар да құқықтық көмек алды
Жамбыл облысында бірнеше айдан бері жүргізіліп келе жатқан «Заң мен тәртіп» профилактикалық керуені өз жұмысын қарқынды жалғастыруда. Бұл жолғы көшпелі штабтың аялдамасы – Шу ауданы. Мұнда мамандар жергілікті тұрғындармен кездесіп, құқықтық кеңес беріп қана қоймай, проблемаларына нақты іс жүзінде көмек көрсетуге күш салды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Керуенің негізгі жұмыс форматы – тұрғындармен ашық әңгіме жүргізу, қолданыстағы заңнаманы түсіндіру және туындаған мәселелерге дер кезінде жауап беру. Шу аудандық Мәдениет үйі мен ауылдық округтердегі қабылдауларда азаматтар түрлі мазалаған мәселелерімен жүгінді.
Кеңес беру барысында отбасылық қатынастар, бала құқығын қорғау, жастар тәрбиесі, интернеттегі қауіпсіздік, дін саласындағы өзекті сұрақтар жиі көтерілді. Мамандар құқықбұзушылықтың алдын алу, мемлекеттік қолдауға өтініш беру тәртібі және өз құқықтарын қорғау жолдарын жан-жақты түсіндірді.
Тұрғындардың бір бөлігі мамандарға жеке қабылдауға жазылып, егжей-тегжейлі құқықтық көмек алды. Ал, қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер бойынша тиісті салалық органдар кері байланыс жасап, ары қарай сүйемелдеу жұмыстарын жалғастыратын болды.
Керуен шеңберіндегі маңызды іс-шаралардың бірі – аудандық Мәдениет үйінде өткен форум. Оған жастар, білім және мәдениет мекемелерінің басшылары, мемлекеттік орган қызметкерлері, ақсақалдар кеңесі мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Форумда өңірдегі қауіпсіздік деңгейін арттыру, құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдағы құқықтық мәдениетті көтеру, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жайы жан-жақты талқыланды. Сарапшылар әр сала бойынша баяндама жасап, жастарға бағытталған профилактикалық кеңестерін ұсынды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, керуеннің ең басты міндеттерінің бірі – құқықтық кеңес беру қызметін облыстың ең алыс ауылдарына дейін жеткізу. Осы арқылы тұрғындардың әлеуметтік және құқықтық мәселелерін шешуге қолжетімді жағдай жасау көзделген.
Шу ауданындағы кезекті кездесу жергілікті жұртшылықтың сұрақтарына нақты жауап алуға мүмкіндік берген маңызды шара болды. «Заң мен тәртіп» керуені алдағы аптада облыстың басқа да аудандарына жол тартпақ.