Қақпатаста жаңа мәдениет үйі ашылды

0 11

Қордай ауданына қарасты Қақпатас ауылында «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында бой көтерген жаңа мәдениет үйі ауыл тұрғындарына есігін айқара ашты. Елді мекеннің мәдени өміріне серпін беретін бұл маңызды нысанның ашылуына аудан әкімі Бегзат Болатбеков қатысып, ауыл жұртшылығын қуанышты оқиғамен құттықтады, деп хабарлайды  «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Заманауи талаптарға сай салынған ғимараттың құрылысын «ПМК-109» ЖШС жүргізіп, сапалы әрі уақытында аяқтап шықты. Жаңа мәдениет үйінде хореография, домбыра, қолөнер және басқа да шығармашылық бағыттағы үйірмелерді ашу жоспарланып отыр. Арнайы жабдықталған кабинеттер балалар мен жасөспірімдердің қабілетін дамытуға, ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасайды. Бұдан бөлек, мұнда түрлі мәдени-рухани іс-шаралар, кездесулер мен концерттер ұйымдастырылып, ауылдың мәдени тынысы жандана түспек.

Айта кетейік, Қордай ауданында мәдениет саласының инфрақұрылымы жыл санап жақсарып келеді. Республика күні қарсаңында Үлкен Сұлутөр ауылында 90 орынды жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілген болатын. Бұған қоса, аудандағы бірнеше мәдениет мекемесінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, жаңа нысандардың құрылысы қолға алынған.

Қақпатастағы мәдениет үйінің ашылуы – ауылдың рухани өрлеуіне жол ашатын маңызды қадам. Жергілікті тұрғындар бұл игілікті істің жас ұрпақ тәрбиесіне, мәдени өмірдің дамуына зор әсер ететініне сенім білдіруде.