Жуалыда жаңа спорт нысандары ашылды

0 7

Жуалы ауданының Ақсай ауылдық округіне қарасты Қайрат және Диқан ауылдарында тұрғындар үшін қуанышты жаңалық – екі бірдей әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Қайрат ауылында кіші футбол алаңшасы, ал Диқанда балаларға арналған ойын алаңы ашылып, ауыл жастары мен бүлдіршіндерінің бос уақытын мазмұнды өткізуіне қолайлы жағдай жасалды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Аталған жобалар «Ақсай ауылдық округі әкімі аппараты» КММ тапсырысымен жүзеге асырылған. Қайрат ауылындағы футбол алаңының құрылысын «ЖамбылСуБур» ЖШС, Диқан ауылындағы ойын алаңшасын «Cassat Constructions» ЖШС салды. Жаңа нысандар ауылдық жерлердегі бұқаралық спортты дамытуға, саламатты өмір салтын қалыптастыруға және балалардың қауіпсіз әрі қызықты ортада ойнауына мүмкіндік береді.

Жуалы ауданында спорт инфрақұрылымы жыл сайын кеңейіп келеді. Қазіргі таңда ауданда 172 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде – 1 стадион, 3 спорт кешені, 12 футбол алаңы, 108 спорттық алаңша және 48 спорт залы бар. Бұқаралық спорттың қолжетімділігі артып, биыл шорт-трек, шаңғы және самбо бағыттары бойынша жаңа секциялар ашылған.

2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын тұрғындардың саны 22 566 адамға жетіп отыр, бұл жалпы халықтың 42,5 пайызын құрайды.

Қазіргі уақытта Көлтоған, Қарасаз және Нұрлыкент ауылдарында жаңа спорт кешендерінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.