Жасөспірімдерді қорғауға бағытталған ашық диалог

0 61

Бүгін Мойынқұм аудандық орталық кітапханасының коворкинг залында оқушылар, ата-аналар және ұстаздар бас қосқан ерекше жиын өтті. «Буллинг және кибербуллингтің алдын алу» тақырыбында өткен бұл іс-шарада қазіргі қоғамдағы өзекті проблемалардың біріне айналған буллинг мәселесі талқыланды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Кездесуде мамандар буллингтің түрлері мен белгілерін түсіндіріп, оны ерте анықтап, алдын алу жолдары туралы айтты. Әсіресе киберкеңістікте белең алып бара жатқан қысым көрсету, қорқыту әрекеттеріне, жеке деректерді қорғаудың маңыздылығына тоқталды.

Жиынға арнайы келген психологтар жасөспірімдермен шағын жаттығулар өткізіп, қиын жағдайға тап болған кезде қайда жүгіну керектігін түсіндірді. Құқық қорғау саласының өкілдері де оқушылар мен ата-аналарға заңдық тұрғыдан ақпарат беріп, қауіпсіздік талаптарын еске салды.

Қатысушылар еркін пікірталасқа қатысып, өз ойларын ортаға салды. Іс-шара соңында ақпараттық буклеттер таратылып, мамандар жеке кеңес берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулердің басты мақсаты – балалардың өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасау. «Біздің міндет – жасөспірімдерге тек ақпарат беру емес, оларға өздерін қалай қорғау керектігін нақты үйрету. Әр бала өзін қауіпсіз тұлға ретінде сезінуге лайық», – деді олар.

Бүгінгі таңда интернеттегі қарым-қатынас кеңейген сайын балалардың қауіпсіздігі ерекше назарды талап етеді. Сондықтан да бұл іс-шара дер кезінде ұйымдастырылған маңызды басқосу екені сөзсіз.