Елу келіден астам марихуана тәркіленді

0 217

Облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті және Ұлттық ұланның №6506 «Бүркіт» әскери бөлімінің әскери қызметшілерімен бірлесіп жүргізген арнайы операция кезінде Шу қаласында 50 келіден астам есірткі тәркіленді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Жамбыл облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жедел іс-шара жедел ақпарат негізінде Шу қаласының Сәтпаев көшесінде өткізілген. Полицейлер күдік тудырған «Mazda» маркалы автокөлігін тоқтатып, ішінде болған екі жергілікті тұрғын — жүргізуші мен жолаушыны ұстады. Көлікті тексеру кезінде артқы орындықтан үш қап, ал жүксалғыштан тағы екі қап табылды. Қаптардың ішінде өзіне тән иісі бар өсімдік тектес зат болған. Криминалистік сараптама қорытындысына сәйкес, табылған заттың марихуана есірткісі екені анықталды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 51 келі 190 граммды құрайды.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын заңсыз сақтау және тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.

Полицейлердің айтуынша, мұндай операциялар өңірде есірткі қылмысының алдын алу және тасымал арналарының жолын кесу бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесі болып табылады.