Дастан Сәтбаев әлемнің ең үздік жас футболшылары қатарына енді

0 161

Әлемге әйгілі Британдық The Guardian биылғы жылы 2008 жылы дүниеге келген ең талантты жас футболшылардың жаңа тізімін ұсынды. Сол беделді рейтингке алғаш рет қазақстандық ойыншы – алматылық «Қайраттың» шабуылшысы Дастан Сәтбаев енді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі. 

Басылымның мәліметінше, Дастан Сәтбаев қазіргі таңда «Қайраттың» ең жарқын жұлдыздарының бірі саналады. Ол 2024 жылдың мамыр айында, небәрі 15 жасында ел Премьер-лигасында дебют жасап, сол сәттен бастап жанкүйерлер мен сарапшылардың назарын өзіне аударды. Футболшы шешуші матчтарда команданы алға жетелеп, өзінің үлкен потенциалын дәлелдеді.

The Guardian мақаласында жас қазақстандықтың Еуропа аренасындағы жетістіктері де атап өтілген. Сәтбаев Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпия» клубының қақпасына гол соғып, Финляндияның КуПС командасымен кездесуде ерекше ойынымен көзге түсті. Ал Словакияның «Слованымен» өткен маңызды ойында соңғы минуттарда пенальти орындап, «Қайратқа» 1:0 есебімен жеңіс сыйлаған.

Британ басылымы сонымен қатар ағылшын алпауыттары – «Челсидің» жас шабуылшымен 4 миллион еуро көлемінде келісімшарт жасасқанын жазады. Сарапшылардың болжамынша, оның нарықтық құны алдағы жылдары едәуір өседі.

Сонымен қатар Дастанның жылдамдығы, техникасы мен қабілеті өз жасынан әлдеқайда жоғары екені ерекше аталған. 2026 жылдың тамыз айында ол ресми түрде «Стэмфорд Бриджге» қосылып, ағылшын Премьер-лигасында өз шеберлігін көрсетуге мүмкіндік алады.