Қордайда алтын байыту комбинаты салынып жатыр
Қордай ауданында өндіріс саласы жаңа деңгейге көтерілуде. Аудан әкімі Бегзат Болатбеков жұмыс сапарымен Бетқайнар ауылдық округіне қарасты Соғанды ауылында болып, «Шоқпар-Гагаринское» ЖШС-нің осы аумақта бой көтеріп жатқан құрылыс алаңындағы жұмыстармен танысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Аталған жоба Қордай өңірінің ғана емес, жалпы Жамбыл облысының өндірістік әлеуетін арттыратын, экономикалық маңызы жоғары стратегиялық нысан болып табылады. «Гагаринское» кен орнында салынатын байыту комбинаты алтын өндіруге бағытталған. Кәсіпорынның жоспарлы қуаттылығы – жылына 500 мың тоннаға дейін кен өндіру.
Бүгінде нысанда дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Құрылыс басында ұзындығы 44 шақырымды құрайтын уақытша электр желісі тартылып, геологиялық барлау мен инфрақұрылымдық құрылыс жұмыстары басталған. Жобаның іске асуына қажетті инвестициялар кезең-кезеңімен тартылып отыр.
Аудан әкімінің айтуынша, комбинат құрылысы 2026 жылдың соңына дейін толық аяқталып, 2027 жылдың алғашқы тоқсанында толық қуатында іске қосылады деп күтілуде. Жоба аясында 400-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылмақ.
– Бұл жоба өңір экономикасын әртараптандыруда маңызды рөл атқарады. Әкімдік тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Біз үшін инвестициялық жобалардың табысты жүзеге асуы мен жаңа жұмыс орындарының ашылуы – басты міндеттердің бірі, – деді Бегзат Болатбеков.
Ауыл тұрғындары да осы жобадан үлкен үміт күтуде. Тек алтын өндіріп қоймай, инфрақұрылымды жақсартып, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне де ықпал етеді деген сенім бар.
Өндіріс ошағы іске қосылғаннан кейін аймақтың инвестициялық тартымдылығы артып, Қордай ауданының экономикалық әлеуеті жаңа серпін алады деп күтілуде.