Келесі жылы елімізде электрондық денсаулық паспорты енгізіледі
Еліміздің денсаулық сақтау жүйесі заманауи технологиялармен қарқынды жаңарып келеді. Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 2026 жылдан бастап Қазақстан азаматтары жеке электрондық денсаулық паспортын толық пайдалана алатынын мәлімдеді. Бұл бастама – саладағы цифрлық трансформацияның маңызды кезеңдерінің бірі, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Министрдің айтуынша, жоба аясында медициналық деректерді сақтайтын бірыңғай қойма іске қосылады. Ол 2025 жылдың соңына дейін дайын болады деп жоспарлануда. Осы қойма арқылы әрбір азамат өзінің медициналық мәліметтерін онлайн режимде қарап, қажет кезде оларды пайдалануға мүмкіндік алады. Бұл жаңашылдық азаматтар мен медицина қызметкерлерінің өзара байланысын жеңілдетіп, емделу сапасын арттыруға жол ашады.
Бүгінде жасанды интеллект технологиялары елдегі клиникаларда белсенді түрде қолданылып жатыр. ЖИ жүйелері компьютерлік томография, магнитті-резонанстық томография және рентген түсірілімдерін талдау арқылы инсульт, өкпе қабынуы, обыр және өзге де ауруларды ерте кезеңде анықтауға көмектесуде. Бірқатар емханаларда ЖИ негізіндегі көмекші құралдар іске қосылып, тексеру нәтижелерін жедел және нақты түрде сараптауға мүмкіндік беріп отыр.
Ақмарал Әлназарова жасанды интеллект дәрігердің орнын баспайтынын, керісінше оның жұмысын жеңілдетіп, шешім қабылдау сапасын арттыратынын атап өтті. Бұл технологиялар медицина саласының қолжетімділігін арттырып, емдеу процесін жеңілдетуге бағытталған.
Цифрландырудың алғашқы нәтижелері де байқала бастады. Ақпараттық жүйелердің интеграциясы медицина қызметкерлерінің жүктемесін 40 пайызға дейін азайтты. Сонымен қатар, пациенттерді электронды сәйкестендіру жүйесі арқылы небәрі сегіз айда артық көрсетілген қызмет көлемі 6,7 миллиард теңгеге қысқартылған. Ал бірыңғай төлем жүйесі медициналық ақауларды анықтау дәлдігін төрт есеге арттырды.
Денсаулық сақтау саласындағы бұл цифрлық жаңғыртулар медициналық көмекті тиімді, ашық және қолжетімді етуге бағытталған. Электрондық денсаулық паспорты – осы өзгерістердің нақты көрінісі болмақ.