Ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген қаламгер
Жамбыл облысында белгілі жазушы-драматург, қоғам қайраткері Елен Әлімжанның 80 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Ақын-жазушылар, ғалымдар, облыс ардагерлер кеңесі мен билер кеңесінің өкілдері, БАҚ өкілдері және студенттер алдымен М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде ұйымдастырылған «Елен Әлімжан шығармаларындағы қазіргі заман бейнесі» атты дөңгелек үстелде бас қосып, қаламгердің қазақ әдебиетіндегі орны, шығармашылық мұрасы мен заманауи әдеби процестегі рөлі, оның туындыларындағы адам мен қоғам, ұлттық болмыс пен дәуір шындығын кеңінен талқылады.
Басқосуды жүргізген филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ жазушы шығармашылығының терең мазмұны мен идеялық тұтастығына жан-жақты тоқталды. Дулати уиверситетінің басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор міндетін атқарушы Аслан Тұрлыбек, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының вице-президенті, педагогика ғылымдарының докторы, академик Махметғали Сарыбеков қаламгердің шығармалары студент жастар арасында да кеңінен танымал екенін айта келіп, мерейтой иесіне ұжымдарының атынан сый-сияпат жасады.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Доқтырхан Тұрлыбек, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шырын Мамасерікова, қалам мен қандауырды ұштастырған жоғары санатты хирург, профессор Сағындық Ордабеков, жазушы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Көсемәлі Сәттібайұлы, филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Мұқашев, әдебиеттанушы Бақытжан Мақашев, тағы басқалар жазушы шығармаларындағы өмір шындығы мен суреткерлік шеберлікті айрықша атап өтті.
Өз кезегінде Елен Әлімжан барша қатысушыларға, Тараз университетінің ұжымына қолдау мен құрмет үшін ризашылығын жеткізді.
Қазақ драматургиясының шоқтығы биік тұлғасы, ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген Елен Әлімжанның 80 жылдық мерейтойы бұдан әрі Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында жалғасты. Әдеби кештің шымылдығы қаламгердің «Абылай» тарихи драмасымен түрілді. Театр сахнасындағы әсерлі қойылым зал толы көрерменді бей-жай қалдырмады.
Жазушының шәкірті ақын Ерлан Жүніс жүргізген әдеби кеште облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қаламгерді мерейлі жасымен құттықтады.
– Сіз – бар саналы ғұмырыңызды туған еліңіздің игілігіне арнаған азаматсыз. Әдебиет пен мәдениетке қосқан өлшеусіз үлесіңіз, талай жас қаламгерді қанаттандырып, қазақ руханиятын байытқан еңбегіңіз халықтың жадында мәңгі сақталатыны анық, – дей келіп, мерейтой иесінің иығына зерделі шапан жапты.
Әсерлі кеш барысында қаламгердің жаңа кітаптары – «Жанұраным» пьесалар және «Тарғыл сиыр» әңгімелер жинағы оқырманға жол тартты.
Елен Әлімжан Жамбыл облысы, Талас ауданына қарасты Көмекші ауылында дүниеге келген. Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газеті бас редакторының орынбасары, Жамбыл облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі, Жамбыл облыстық телерадио компаниясының төрағасы қызметтерін атқарған. Қаламгердің «Ән сыры» атты тырнақалды туындысы Қазақстан жас жазушыларының «Таңғы шық» (1964) атты жинағында жарық көрген. Әңгімелер, пьесалар мен публицистикалар жинағының, «Анажар» романының авторы.