Мақсат – халықтың әл-ауқатын арттыру

0 234

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі ауданына жұмыс сапарымен барып, жергілікті тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Кездесудің алдында облыс әкімі көрнекті ақын, жазушы Шырын Мамасеріковаға «Қазақстан Республикасы Конституциясына 30 жыл» мерекелік медалін табыстап, қаламгерді 80 жасқа толуымен құттықтады. Қазақ әдебиетінің дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін алғыс білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

Жиын барысында Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған стратегиялық бағыттардың өңірде орындалу барысына тоқталып, нақты деректер мен көрсеткіштер келтірді. Биылғы жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында облысымыздың экономикалық өсімі 11,4 пайызды құрап отыр. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 391,7 миллиард теңгеге жеткен. Қазіргі таңда жалпы құны 3,5 триллион теңгеден асатын 62 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар іске қосылған соң 6 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Тек биылдың өзінде 26 жоба іске қосылып, 1 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Ауылшаруашылығы саласында да айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Биыл 640 мың гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдары егілді. Жыл соңына дейін 3,8 миллион тонна өнім жиналуы жоспарланған. Қазірдің өзінде 214,2 миллиард теңгенің өнімі алынды. Сонымен қатар облыста қант зауыты мен ауылшаруашылығы техникасын шығаратын кәсіпорынның құрылысы басталды. Жалпы құны 120 миллиард теңгені құрайтын бұл жобалар өңірдің аграрлық-индустриялық әлеуетін арттырып, жаңа өндірістік бағыттарға жол ашады.

Тұрғын үй құрылысы да тұрақты қарқын алып келеді. Жыл басынан бері 403,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 765 мың шаршы метрге жетеді деп күтілуде. Қазір 2 190 пәтерлік 46 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр, оның 44-і жыл соңына дейін аяқталады. Әлеуметтік осал топтарға арналған 113 пәтер сатып алынған. Жыл соңына дейін 1 505 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі.

Сапалы ауызсумен қамту, газ желісін тарту, инфрақұрылымды жақсарту – күн тәртібіндегі басты мәселелер қатарында. Биыл ауылдық елді мекендер мен қалаларды ауызсумен қамту деңгейі 100 пайызға жетеді деп жоспарланса, газдандыру 91,8 пайызды құрайды. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 31,7 мың адам тартылған. Әкім ауылға оралған жастар мен жас мамандарға жан-жақты қолдау көрсету керектігін атап өтті.

Кездесу барысында тұрғындар білім беру, денсаулық сақтау, жол жөндеу, жер мәселесі сынды бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Облыс әкімі барлық ұсыныс-өтініштер ескерілетінін айтып, тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.

Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов ауданның даму барысы жөнінде есеп беріп, халық сұрақтарына жауап берді. Ербол Қарашөкеев Меркі ауданы әкімдігіне халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, жұмыс орындарын ашу, ауылшаруашылығы саласына жаңа технологиялар енгізу, құқықбұзушылықтың алдын алу және жол қауіпсіздігін күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Сапар аясында облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, бірқатар нақты шешімдер қабылдады.