Жамбыл облысының экономикалық өсімі 11,4 пайызды құрады
Жамбыл облысы әкімдігінде өткен кезекті аппараттық кеңесте өңірдің 2025 жылдың сегіз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жан-жақты сараланды. Кеңеске облыс әкімі Ербол Қарашөкеев төрағалық етті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Жиын барысында мемлекеттік сатып алу, кәсіпкерлік, қорғаныс салаларындағы жұмыстардың барысы, күзгі дала жұмыстары мен вегетациялық кезеңнің ахуалы, сондай-ақ қоғамдық-саяси тұрақтылық мәселелері талқыланды. Басқарма басшылары мен құқық қорғау органдарының өкілдері өз салалары бойынша есеп берді.
Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның мәліметінше, облыс экономикасы 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында 11,4 пайызға өскен. Бұл өсім өнеркәсіп (18,9%), құрылыс (19,6%), байланыс (9,3%), көлік (4,9%), сауда (2,4%), тұрғын үй (2,8%) және ауылшаруашылығы (0,1%) салаларындағы ілгерілеудің нәтижесінде қамтамасыз етілген.
Алайда, кейбір аудандарда көрсеткіштердің төмендігі алаңдатады. Мәселен, өнеркәсіп өнімінің көлемі Жуалы, Меркі, Мойынқұм, Т.Рысқұлов аудандарында, ауылшаруашылығы – Жуалы, Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов, Қордайда, инвестиция – Мойынқұм мен Қордайда, құрылыс – Мойынқұмда, ал бөлшек сауда – Сарысуда төмен деңгейде қалып отыр.
Қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкек облыстық бюджеттің орындалуы туралы баяндама жасап, қаржының игерілу барысын түсіндірді. Өз кезегінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев экономикалық көрсеткіштердің орындалуы – басты міндет екенін атап өтті.
– Әрбір тиынның тиімді жұмсалуы – әкімдіктер мен басқармалар үшін нақты жауапкершілік. Бюджеттік тәртіптің бұзылуына жол берілмеуі тиіс. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына тұрақты мониторинг жүргізіліп, жәрмеңкелер арқылы халыққа қолжетімді өнімдер ұсынылуы қажет, – деді өңір басшысы.
Кеңесте мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ғалым Әбдіқазиев, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев, сондай-ақ жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Иманбаев өз салалары бойынша ақпарат берді.
Аппараттық кеңес қорытындысында облыс әкімінің бірінші орынбасары мен басқарма басшыларына, сондай-ақ Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне көтерілген мәселелерді бақылауда ұстап, нақты шешімдер қабылдау тапсырылды.