Жасанды интеллект және ертегі әлемі

0 171

Жамбыл облысында ұлттық мәдениет пен цифрлық технология тоғысқан тың жоба көрерменге жол тартты. Аймақтық «Jambyl» телеарнасы елімізде алғашқылардың бірі болып жасанды интеллект көмегімен қазақ ертегілерінен мультфильмдер топтамасын әзірледі. Бұл бастама – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған цифрландыру мен жасанды интеллектіні барлық салаға енгізу жөніндегі тапсырмасының өңірлік деңгейде жүзеге асуының көрінісі, деп хабарлайды «Aulieatanews » ақпараттық агенттігі.

Жаңа телеөнімнің жабық көрсетіліміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, басқарма басшылары, БАҚ өкілдері, телеарна ұжымы және Тараз қаласындағы мектеп оқушылары қатысты. Көрсетілім барысында балалар ерекше әсерге бөленіп, мультфильмдерге жоғары баға берді. Олардың айтуынша, еңбекқорлық, достық, әділдік пен ізгілік секілді құндылықтарды дәріптейтін ертегілер заманауи форматта өте тартымды жеткізілген.

«Мультфильмдер бізге қатты ұнады. Осындай туындылар көп болса екен және ғаламтор арқылы көре алатындай болса дейміз», – дейді №39 мектептің оқушысы Бағдаулет Талғатұлы.

ЖИ арқылы жасалған мультфильмдер саны – 12, әрқайсысының ұзақтығы 20 минутты құрайды. Топтамаға «Қарлығаш пен Дәуіт», «Ақылды шыбын мен жалқау аю», «Түлкі мен тырна» секілді халыққа кеңінен танымал ертегілер енгізілген. Жобаның дыбысталуына «Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрамындағы «Балапан» телеарнасы қолдау көрсеткен.

«Біздің телеарна 1 қарашадан өзінің 36-маусымын бастайды. Осы маусым аясында елімізде алғаш рет ЖИ көмегімен дайындалған туындылар көрерменге жол тартқалы отыр. Тың жобаны жүзеге асыруда облыс әкімдігі тарапынан үлкен қолдау көрсетілді», – дейді «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева.

Мультфильмдер топтамасы телеарна эфирі арқылы көрсетіліп қана қоймай, «Әжемнің әңгімесі» атты өңірлік жоба аясында балабақша тәрбиеленушілеріне де ұсынылмақ. Сөйтіп, ұлттық ертегілердің тәрбиелік мәні мен көркемдік мазмұны жас буынға жақын әрі қызықты түрде жеткізілмек.

Жамбыл өңірінде цифрлы технология мен ұлттық мұраны ұштастырған бұл жоба – болашақ ұрпақтың рухани дамуына бағытталған маңызды қадам.