Бокстан әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері елге оралды
Англияның Ливерпуль қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында жоғары деңгейде өнер көрсеткен Қазақстан ұлттық құрамасы елге оралды, деп жазады «» ақпараттық агенттігі kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.
Ерлер құрамасын Астана қаласындағы халықаралық әуежайдан, ал әйелдер құрамасын Алматы қаласыннан жанкүйерлер, спортшылардың ата-аналары, туыстары мен достары ерекше ықыласпен қарсы алды.
Әуежайда БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов алдағы уақытта команда ақпан айында өтетін Әлем кубогінің шешуші кезеңіне дайындық жүргізілетінін айтты. Бас бапкер жарыс барысындағы шәкірттерінің өнері мен төрешілердің жұмысына қатысты пікір білдірді.
«Бірнеше сәт болды, қандай жағдай болса да біздің боксшылар қарсыластарынан бір саты жоғары өнер көрсетті. Олар жеңіске жету үшін бар күшін салды. Уақыт өте келе барлығы ретке келеді», деді ол.
Екі дүркін әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай тартысты турнирде қандай тактикаға сүйенгенін тарқатып айтты.
«Мен тәжірибелі спортшымын, халықаралық аренада алғаш рет өнер көрсетіп отырған жоқпын. Бұл жерде ең бастысы — бапкерлерді тыңдау, тек физикалық емес, психологиялық дайындық та маңызды болды. Бапкерлердің барлық тапсырмасын орындауға тырыстым. Жалпы, бәрі біз жоспарлағандай өтті», деді чемпион.
Ливерпульдегі әлем чемпионатын алтын жүлдемен түйіндеген Айбек Оралбай финалда өзбекстандық қарсыласымен болған жекпе-жекте шешуші сәт соңғы раундта болғанын айтап өтті.
«Соңғы раунд ең қиын кезең болды. Бірақ дәл сол кезде өзімді толық жинап, бар күшімді салдым. Қарсыласымның шаршағанын көріп, басымдық таныту керектігін түсіндім. Соңында бұл маған жеңіс әкелді», деді әлем чемпионы.
Айта кетейік, аталған жаһандық додада Қазақстан құрамасы керемет нәтижеге қол жеткізді. Отандастарымыз 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте көш бастады.