Республикалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды

0 52

Ел тыныштығының кепілі – ішкі істер саласының қызметкерлері, атап айтқанда учаскелік полиция инспекторлары мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлардың қоғамдағы рөлі айрықша. Осы жауапты міндетті арқалап жүрген мамандарға құрмет көрсету мақсатында Тараз қаласындағы «Көне Тараз» этномәдени кешенінде республикалық слет өтті. Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған алқалы жиын елдік рух пен тәртіп сақшыларының маңызын айшықтап, патриоттық лепке толы іс-шара ретінде есте қалды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Іс-шара аясында Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» фильмінен үзінді көрсетіліп, алаш арыстарының аманаты жаңғырды. Көрермендердің көңілін толқытқан бұл сәтте Әлихан Бөкейхановты сомдаған актер Бауыржан Қаптағай мен Міржақып Дулатов рөліндегі Бақыт Қажыбаев сахна төріне шығып, Алаш қайраткерлерінің армандары мен бүгінгі бейбіт өмір арасындағы сабақтастықты жеткізді. Олар тәртіп сақшыларына ақ батасын беріп, ел тыныштығын сақтау жолындағы қызметтеріне табыс тіледі.

Жиынды Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев ашып, учаскелік полиция инспекторларының ел алдындағы жауапкершілігін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сенім артқан әр полиция қызметкері – мемлекеттің тірегі. Сіздер – халыққа ең жақын және ең сенімді өкілсіздер. Өз аймақтарыңыздан озып шыққан үздіктер ретінде бұл сенімді ақтауды жалғастырасыздар деп сенеміз, – деді Қ.Сұлтанбаев.

Жамбыл облысы әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Календеров те тәртіп сақшыларын құттықтай отырып:

– Қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығы – Сіздердің ерен еңбектеріңіздің нәтижесі. Бүгінде облысымызда 457 учаскелік полиция инспекторы мен 182 кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор жұмыс атқаруда. Бұл – үлкен күш, үлкен сенім, – деді.

Слет барысында Ішкі істер министрлігі генералдар кеңесінің төрағасы Бексұлтан Сәрсенов пен облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, облыстық полиция департаментінің басшысы Бақытжан Малыбаев та сөз алып, инспекторлардың жұмысына жоғары баға берді.

Шу ауданындағы Балуан Шолақ ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенгелді Текебаев ауылда соңғы үш жылда ешқандай қылмыс тіркелмегенін, бұл жетістік учаскелік инспектор Нұрсұлтан Омарбаевтың тынымсыз еңбегінің жемісі екенін атап өтті.

Слет аясында «Үздік учаскелік полиция инспекторы» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Жүлделі бірінші орынға ие болған Тараз қалалық №2 полиция бөлімшесінің инспекторы Эльмира Байнязова мен Жамбыл аудандық полиция басқармасының инспекторы Әшіржан Пайызовқа су жаңа автокөліктің кілті табысталды. Екінші орын иегерлері – Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласынан Бекназар Әлібеков пен Қарағанды облысынан Қайрат Иманбаев. Ал үшінші орын жүлдесі Жетісу облысынан Талшын Нұрлади мен Павлодар облысынан Қуаныш Ербосынұлына бұйырды. Марапаттарды ІІМ өкілдерімен қатар, өңір басшылығы мен сала ардагерлері табыстап, полиция қызметкерлеріне құрмет білдірді.

Жиын соңында патриоттық рухты көтеретін «Жігер» атты жаңа әннің тұсаукесері өтті. Әнді жамбылдық полиция өкілі Аманжол Рысбеков пен елге кеңінен танымал «Алашұлы» тобы орындап, жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді.