«Көккөлде» өткен көңілді кеш

0 201

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні «Салық тәртібі» газеті ЖШС құрамындағы бірқатар басылымдардың өкілдері – «Меркі тынысы», «Талас тынысы», «Мойынқұм таңы» және «Әулиеата» газеттерінің журналистері «Көккөл» демалыс аймағында бас қосты, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Шараның негізгі мақсаты – тілшілер қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, тынығу мен өзара пікір алмасуға жағдай жасау. Табиғаты көркем, жанға жайлы «Көккөл» демалыс орнына жиналған қалам ұстаған қауым бір күнге тынығып, шығармашылық шабыттарын шыңдады.

Журналистер таза ауада серуендеп, спорттық ойындар ойнап, табиғат аясында емен-жарқын әңгіме құрды. Бұл басқосу әріптестік байланысты нығайтып қана қоймай, шығармашылық серпін берді.

Мереке иелерін ұжым басшылығы мен редакция жетекшілері арнайы құттықтап, еңбектеріне табыс пен шабыт тіледі.

Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің басын қосқан мұндай бейресми форматтағы кездесулер – саладағы бірлікті арттырудың, ортақ мәселелерді талқылаудың тиімді жолы. Алдағы уақытта да мұндай шаралар дәстүрлі түрде жалғасын табары сөзсіз.