«САЛЫҚ ТӘРТІБІ» – спартакиаданың күміс жүлдегері

0 44

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Тараз қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде өңірлік журналистер арасында дәстүрлі облыстық спартакиада өтті. Аталған іс-шараға облыстық телеарналар, газеттер, ақпараттық порталдар мен баспасөз қызметтерінің өкілдері қатысып, спорттың алты түрінен өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Спорттық бәсекенің ашылуында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов сөз сөйлеп, ақпарат саласы мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ол бұл іс-шараның игі дәстүрге айналғанын атап өтіп, журналистиканың ел мен билік арасындағы алтын көпір ретіндегі маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, журналистерге өңір басшылығы тарапынан әрдайым қолдау болатынын жеткізді.

Спартакиаданың өтуіне мұрындық болған ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов пен спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Тәуірбек Қарауылтегі де тілшілер қауымын мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Он бір команда қатысып, спорттың командалық эстафета, волейбол, үстел теннисі, қол күрес, дойбы, арқан тарту сынды алты түрінен аса тартысты өткен спартакиада қорытындысында құрамында біздің «Әулиеата» газетінің журналистері де бар «Салық тәртібі» командасы жалпыкомандалық есепте жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Бұл жеңісте команда мүшелері үстел теннисінен ұлдар арасында 2 орын алған Диас Шахуровтың, қыздар арасында 3 орын алған Самал Бейсеннің, қол күресінен қыздар арасында 2 орын алған Гүлдерайым Әлімжанованың, дойбыдан ұлдар арасында 2 орын алған Амангелді Әбіл мен қыздар арасында 2 орын тұғырына көтерілген Әсел Бөлекбаеваның, волейбол ойынында жартылай финалда «Jambyl» телеарнасының командасын айқын басымдықпен жеңіп, финалдық кездесуде Полиция департаменті баспасөз қызметінің құрамасын тізе бүктірген волейболшыларымыздың үлестері зор.

Ал, спартакиаданың кубогы бұл жылы бірқатар спорт түрлері бойынша қарсылас шақ келтірмей жеңіс тұғырына көтерілген облыс Полиция департаментінің баспасөз қызметі командасының қанжығасында кетті.  Үздік үштікті «Taraz Press» түйіндеді.

Спартакиада соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, естелік сертификаттар және қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Дода журналистердің бірлігі мен рухын күшейтіп, саламатты өмір салтын насихаттауға тың серпін берді.