Еңбегімен елге сыйлы
Қордай ауданына қарасты Ноғайбай ауылдық округінде еңбекқорлығымен көпке үлгі болып жүрген Юрий Швецов есімді шаруа бар. Адал маңдай терімен отбасын асырап, ауылшаруашылығын дамытуға үлес қосып жүрген азаматтың өмір жолы мен еңбекке деген көзқарасы кім-кімге де ой салады, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Юрий Геннадьевич 1973 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы, Қызылту стансасында дүниеге келген. Екі жасында отбасы оңтүстікке қоныс аударып, Ырғайты ауылына тұрақтайды. Білім жолын ауыл мектебінде бастаған ол кейін Кенен Әзірбаев атындағы совхоз техникумына түсіп, 1992 жылы «электромеханик» мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек жолын осы оқу орнында жүргізуші-нұсқаушы болып бастап, араға екі жыл салып техникум директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары қызметін де атқарады. Жас болса да, жауапкершілікті мойнына алып, ісіне тиянақты қарай білгенін сол кездің өзінде-ақ әріптестері атап өткен.
1996 жылдан бастап Юрий Швецов «Ақтас-Қордай» ЖШС-не механик ретінде жұмысқа қабылданып, төрт жыл бойы техника тілін жетік меңгеріп, ауыл тірлігіне етене араласады. Ал 2005 жылы тәуекелге бел буып, жеке «ЮГ» шаруа қожалығын құрады. Қазіргі таңда 120 гектар егістік алқабында арпа, бидай, жүгері секілді дәнді дақылдар өсірумен айналысады.
— Қарапайым шаруаның тіршілігі сырт көзге оңай көрінгенімен, нағыз төзімділікті талап етеді. Табиғатқа тәуелді, техникаға мұқтаж сала болған соң қиындықтарсыз болмайды. Дегенмен, еткен еңбек елеусіз қалмайды. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың арқасында 2022 жылы «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы екі бірлік жаңа ауылшаруашылығы техникасын лизингке алдым. Қазір осы кәсіптен ризық-несібемізді тауып, балаларымызды асырап отырмыз, – дейді Юрий Геннадьевич.
Қазақы ауылда өсіп, қарапайым еңбек адамдарының ортасында қалыптасқан Юрий Швецов қазақ тілін еркін меңгерген. Ана тілін ұмытпай, мемлекеттік тілді құрметтеуі – ел бірлігінің шынайы көрінісі іспеттес.
— Үйде отбасымызбен орыс тілінде сөйлескенімізбен, күнделікті өмірде, көрші-қолаңмен, ауылдастармен қазақша сөйлесеміз. Бұл – мен үшін әбден қалыптасқан жағдай. Қазақ тілі – менің де тілім. Елге, жерге құрмет ана тілін сыйлаудан басталады деп есептеймін, – дейді кейіпкеріміз.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, Юрий Швецов қайырымдылықтан да қалыс қалмайды. Қай кезде де қолындағы барын бөлісуге әзір. Жағдайы төмен отбасыларға көмектесіп, ел ішінде жүріп жатқан шараларға атсалысып отырады.
Еңбекпен ел таныған Юрий сынды азаматтар – ауылдың шын мәніндегі тірегі. Тек өз кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, ұрпаққа үлгі боларлық ісімен де жұрт ықыласына бөленіп жүрген шаруаның еңбегі көпке үлгі.