Ұлттық ұланда психологиялық бақылаудың жаңа форматы

0 242

Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланында әскери қызметшілер арасындағы психологиялық мәселелерді ерте кезеңде анықтауға арналған жасанды интеллект жүйесі енгізілуде. Бұл туралы «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы өткізген таныстырылым барысында хабарлады.

Зияткерлік жүйе әскери қызметшілерге бейімделген психологиялық тестілеу жүргізуге арналған. Жобаның авторларының бірі Ерғали Мәбиевтің айтуынша, бұл технология жауаптарды талдаумен қатар, жекелей ұсыныстар да ұсынуға мүмкіндік беретін гибридті архитектура негізінде жасалған.

Алгоритм тесттен өтушінің реакцияларына қарай тапсырманың күрделілігі мен мазмұнын автоматты түрде өзгертіп отырады. Бұл дәстүрлі әдістермен салыстырғанда анағұрлым нақты және жедел диагностика жүргізуге жол ашады.

Жеке мәліметтердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында тестілеу тек әскери бөлімдердегі жабық серверлер арқылы ғана жүзеге асырылады.

Жүйенің алғашқы сынақтары елордалық гарнизонның жас сарбаздары арасында өткізілмек. Алдағы уақытта бұл технология Жамбыл облысындағы бөлімшелерде де енгізіледі деп жоспарлануда.

Жаңа жүйе Ұлттық ұлан қатарындағы моральдық-психологиялық ахуалды жақсартуға және жеке құрам арасындағы әлеуетті қауіптерді дер кезінде анықтауға сеп болмақ. Бұл – қазіргі заманның күрделі талаптары жағдайында әскери құрылымдар үшін аса маңызды қадам.