Тараздағы әскери мектеп мерейлі белесте

0 4

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебі өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Айтулы датаға орай еліміздің барлық өңірлік орталықтарында орналасқан 13 филиалда салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылды. Солардың бірі Тараз қаласындағы филиалда өтіп, жиынға ардагерлер, оқытушылар мен курсанттар қатысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Мерейтойға осы оқу орнында әр жылдары қызмет еткен Қарулы Күштердің ардагерлері шақырылды. Олар жастарды әскерге дейінгі даярлықтан өткізіп, патриоттық рухта тәрбиелеуге зор үлес қосқан. Сондай-ақ салтанатты шараға Жамбыл облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері қатысты. Бұл мекеме әскери-техникалық мектепке оқуға баратын азаматтарды іріктеп, оқуын аяқтаған соң оларды әскери есепке алып, әскерге жіберумен айналысады.

Тараз филиалының бастығы, подполковник Қанат Бошайдың айтуынша, әскери-техникалық мектеп еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға бағытталған маңызды құрылым. Мектеп қабырғасында түрлі әскери-техникалық мамандықтар бойынша білікті резерв мамандары даярланады. Олардың қатарында мергендер, механиктер, аккумуляторшы мамандар бар. Осы мамандықтарды игерген түлектер Қарулы Күштерде өздерін жақсы қырынан көрсетіп жүр.

Әскери-техникалық мектеп тек әскери білім берумен шектелмейді. Мұнда жастарға техникалық мамандықтар да үйретіледі. Мысалы, жүргізуші мамандығы кеңінен сұранысқа ие бағыттардың бірі. 17 жасқа толған бозбалалар бұл мектепке тегін қабылданып, үш айлық қарқынды дайындықтан өтеді. Бұл – болашақта әскери борышын өтеуге дайындықтың тиімді жолы. Ал түрлі себептермен әскерде болмаған, жасы 24-тен асқан азаматтар үшін бұл – әскери дайындықтан өтіп, әскери билет алу мүмкіндігі.

Салтанатты жиын барысында әскери мектептің дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтарға Құрмет грамоталары мен 25 жылдық мерейтойлық медальдар табысталды. Бұл – еліміздің қорғаныс әлеуетін нығайту жолында аянбай еңбек еткендерге көрсетілген лайықты құрмет.

Ширек ғасыр – тарих үшін қысқа мерзім болғанымен, әскери-техникалық мектеп үшін бұл кезеңде қомақты тәжірибе жинақталып, мықты материалдық-техникалық база қалыптасты. Енді осы негізде болашаққа батыл жоспарлар құрып, әскери кадрлар даярлау ісін жаңа деңгейге көтеру басты мақсат болмақ.