Елімізде көктемгі егіс науқаны қарқынды жүріп жатыр

0 110

Елімізде көктемгі егіс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінде республика бойынша шамамен 2,1 миллион гектар ауылшаруашылығы жері егілді. Науқан агротехникалық мерзімдерге сай жүргізілуде. Әсіресе, оңтүстік өңірлерде егіс жұмыстары белсенді түрде жүріп жатыр. Түркістан облысында 449,2 мың гектар, Жамбыл облысында 306 мың гектар, Жетісу облысында 292,6 мың гектар, ал Алматы облысында 187,9 мың гектар жерге егін егілген, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Еліміздің басқа аймақтарында да егіс науқаны басталып кетті. Шығыс Қазақстан облысында 156,3 мың гектар, Абай облысында 138,8 мың гектар, Қостанай облысында 85 мың гектар, Ақмола облысында 74,8 мың гектар, Қызылорда облысында 52,5 мың гектар, ал Павлодар облысында 56,9 мың гектар жерге дақылдар егілді. Басқа өңірлерде де жұмыс қарқыны бәсең емес.

Науқанға дайындық аясында 16,7 миллион гектар жерде ылғал жабылды, 6,1 миллион гектар алқапта себуге дейінгі өңдеу жүргізілді, ал 1,7 миллион гектарда көктемгі жырту жұмыстары орындалды. Бүгінгі таңда 942,1 мың гектар жерге дәнді дақылдар, 242,8 мың гектар жерге мал азықтық дақылдар, 492 мың гектар жерге майлы дақылдар, 118,8 мың гектар жерге мақта, 71,8 мың гектар жерге көкөністер, 57,7 мың гектар жерге бақша дақылдары, 32,5 мың гектар жерге картоп, 15,6 мың гектар жерге қант қызылшасы, 26,3 мың гектар жерге күріш және басқа дақылдар егілді.

Егіс науқанын уақытылы әрі тиімді өткізу үшін шаруаларға қажетті ресурстар дер кезінде жеткізілуде. Жалпы көлемі 866,8 мың тонна болатын минералды тыңайтқыштарды жеткізуге шарттар жасалды. Сонымен қатар, нарықтық бағадан 15 пайызға төмен бағада – 254 теңге/литрмен 401 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бұл шаруаларға үлкен қолдау болып отыр.

Биылғы жылы тұқым қажеттілігі 2,3 миллион тоннаны құрап отыр. Қазіргі таңда тұқыммен қамтамасыз етілу деңгейі 100 пайызға жеткен. Арнайы зертханалық сараптамалар нәтижесінде тұқым қорының 99 пайызы кондициялық деп танылды.

Ауылшаруашылығы министрлігі көктемгі егіс науқанының барысын тұрақты түрде бақылауда ұстап отыр. Сонымен қатар, өңірлерге әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсету жұмыстары жалғасып жатыр. Егіс жұмыстарының уақытында және сапалы жүргізілуі еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.