Таразда «Қауіпсіз қала» жобасы қарқын алды

0 133

Тараз қаласында қоғамдық тәртіпті күшейту мен құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Қауіпсіз қала» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл бастама проблемалық аудандарды анықтап, сол аумақтарда құқықтық тәртіпті жақсарту үшін мемлекеттік органдардың күшін үйлестіруге негізделген, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Аталған жоба облыс прокуратурасының үйлестіруімен қолға алынған. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында облыс прокуратурасы жанындағы үйлестіру кеңесінде Тараз қаласындағы құқықбұзушылық жиі тіркелетін кварталдар айқындалды. Осыған сәйкес, облыс прокурорының тапсырмасымен құрылған ведомствоаралық топтар нақты аумақтарда құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруда.

Мұндай нысаналы тәсіл ауқымды нәтижеге жол ашты. Атап айтқанда, Тараз қаласының 1-, 2- және 5-микроаудандарында анықталған әкімшілік құқықбұзушылықтар саны 27%-ға артты (2024 жылы – 430 дерек, 2025 жылы – 624 дерек). Бұл – алдын алу шаралары мен бақылау жүйесінің күшейгенін білдіреді.

Қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында Қаратау шағын ауданында өткізілген көшпелі жиын барысында арнайы бағалады. Онда өзекті мәселелерді шешу жолдары айқындалып, нақты тапсырмалар берілді.

Атап айтқанда, прокурор бос жатқан, иесіз ғимараттарды маргиналды тұлғалар паналауы мүмкін екеніне назар аударып, бұл мәселені жедел шешу қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар, қоғамдық орындарды бейнебақылау камераларымен және жарықтандыру жүйелерімен толық қамту міндеттелді.

Полицияға жаяу және автопатрульдер санын арттыру, учаскелік инспекторлардың жұмысын жандандыру, сондай-ақ мүлік иелері бірлестіктері (ОСИ) төрағаларымен тығыз байланыс орнату тапсырылды.

Көшпелі іс-шара барысында прокурор тұрғындармен де кездесті. Жергілікті халық өз шағын аудандарындағы қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелерді ашық айтып, олар прокуратураның жіті бақылауына алынды.

Жергілікті атқарушы билік, құқық қорғау органдары және азаматтық қоғам өкілдерінің белсенді өзара іс-қимылының нәтижесінде өңірдегі қоғамдық қауіпсіздік деңгейі айтарлықтай жақсарады деген сенім бар.