Қордайлық кәсіпкер еңбектің жемісін көруде

0 72

Қордай ауданы – ауылшаруашылығының алдыңғы легінде келе жатқан өңірлердің бірі. Жергілікті тұрғындардың басым бөлігі атакәсіптен ажыраған жоқ: бірі мал бағып, екіншісі егін салып, енді бірі жаңа заманға бейімделіп, жылыжай шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Осындай табыс көзіне айналған кәсіптің иесі – Масаншы ауылының тұрғыны Азиз Харки.

1986 жылы өмірге келген Азиз Есарұлы бала күнінен еңбекке ерте араласқан. Жермен тілдесіп, тіршілікпен үндесудің қадірін терең түсінген ол, 2023 жылы өз ауласынан жылыжай тұрғызып, отбасылық кәсіптің негізін қалаған, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Қазіргі таңда 25 сотық жерге салынған жылыжайда тек қызанақ өсіріледі. Бір маусымда әр түптен орта есеппен 5 килограмм өнім алынады. Кәсіпкердің айтуынша, төрт айда алғашқы өнім толық жиналады. Қызанақтар жетілген соң арнайы ыдыстарға салынып, жергілікті тұтынушыларға ғана емес, Өскемен мен Семей қалаларына да жөнелтіледі.

Жылыжайдағы өнім тамшылатып суару әдісі арқылы суарылады. Бұл – суды үнемдеудің ең тиімді тәсілі. Әрбір тамшы тікелей өсімдіктің тамырына жетіп, артық шығынға жол берілмейді. Температураны бірқалыпты ұстап тұру, өнімнің сапалы пісіп жетілуін қамтамасыз ету – бұл шаруа тынымсыз еңбек пен ұдайы бақылауды қажет етеді.

– Бұл – бір қарағанда қарапайым көрінетін, бірақ көп күш пен табандылықты талап ететін жұмыс. Еңбек етсең – егін көктейді, төккен терің ақталады. Алдағы мақсатым – жылыжай құрылымдарын өзіміз өндіретін цех ашу. Қазір соған қажетті құрал-жабдықтарды жинастырып жатырмын, – дейді кәсіпкер.

Азиз Харкидің бастамасы – жеке табыс көзі ғана емес, ауыл экономикасының дамуына қосылған үлес. Осындай шағын жылыжайлар бір отбасыны ғана емес, тұтас ауылды да асырауға қауқарлы. Ең бастысы – ниет пен еңбек.

Қордайлық кәсіпкердің еңбегі өзгелерге де үлгі боларлық. Ауылда отырып-ақ кәсіптің көзін тапқан азаматтың табысы – тіршілігіне тірек, болашағына сенім.