Қордайдағы шаруашылықтар дамудың жаңа кезеңіне қадам басуда

0 7

Жамбыл облысының ауылшаруашылығы саласындағы серпінді жобалар мен кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов пен басқарманың мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Айгүл Қоспанова Қордай ауданына жұмыс сапарымен келді. Оларды аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалымжан Оспанов бастап жүріп, бірнеше ауылдық округтегі өндірістік нысандарды аралап шықты, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Іссапардың негізгі мақсаты – аудандағы ауылшаруашылығы бағытындағы жобалардың жай-күйін зерделеп, мал шаруашылығы саласындағы нақты істермен танысу, кәсіпкерлердің күнделікті тіршілігін көру болды.

Сапар Қайнар ауылындағы жаңа қасапханадан басталды. Бұл нысан жеке кәсіпкер Салман Амановтың қаржысына салынған. Қуаты – күніне 50 ірі қара мен 200 ұсақ мал. Қасапханада заманауи санитарлық талаптар сақталған, алты адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Салман Аманов тек ет өңдеумен шектелмей, бордақылау алаңын да дамытып отыр. Сонымен бірге ол қой, үй құстары мен балық шаруашылығын қатар алып келеді. Екі гектар аумақты алып жатқан көлге 45 мыңға жуық шабақ жіберіп, балық шаруашылығын да жолға қойған.

Қайрат Көшенов бастаған топ Қайнар мен Бетқайнар ауылдық округтеріндегі бірнеше бордақылау алаңдарын аралап, Қаракемердегі тағы бір қасапхананың жұмысымен танысты. Ал, Масаншы ауылдық округінде олар ірі инвестициялық жобаның құрылысын көрді. Кәсіпкер Исмаил Уджур қолға алған мың бас ірі қараға арналған бордақылау кешені 2025 жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілуі тиіс. Жалпы құны – 500 миллион теңге. Жоба толық автоматтандырылып, ондаған адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Кәсіпкер сондай-ақ қой мен құс шаруашылығын қатар дамытуды көздеуде.

Сапар барысында делегация Масаншы ауылындағы көкөніс сақтайтын қоймада да болды. Қойма 20 мың тонна өнімге арналған. Қазіргі таңда мұнда негізінен пияз сақталуда. Бұл нысан – аймақтың азық-түлік қауіпсіздігіне қосылған нақты үлес.

Жұмыс сапары аясында ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Масаншы округінің тұрғындарымен және шаруа қожалық иелерімен кездесті. Жергілікті жұртшылық жеңілдетілген несиелерге қол жеткізу, мал басын көбейтуге жағдай жасау, сондай-ақ сақтау қоймаларын қажетті техникамен жабдықтау мәселелерін көтерді.

Ауданның агроөнеркәсіптік әлеуеті зор. Бұл сапар – жергілікті шаруалар мен билік арасындағы ашық диалогтың нақты көрінісі ғана емес, сонымен қатар ауылшаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге деген ортақ ұмтылыстың белгісі.