Қордайда дала жұмыстары мен төл алу науқаны қызу жүріп жатыр
Қордай ауданында көктемгі ауылшаруашылығы науқандары қызу қарқын алған шақ. Бұл кезең – ауыл еңбеккерлері үшін аса маңызды әрі тығыз уақыттардың бірі. Диқандар жерге дән сеуіп жатса, малшылар қора маңында жаңа туған төлдердің күтіміне барынша күш салуда, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Аудан көлемінде егістік жұмыстары толыққанды басталып, далада техника гүрілі күн-түнге ұласты. Астық және мал азығы ретінде арпа, бидай, жүгері мен жоңышқа дақылдары егіліп жатыр. Егіс алқаптарында тыңайтқыш себу, арамшөптермен күрес мақсатында гербицидтер қолдану қатар жүргізілуде. Қажетті техника – трактор, тұқым сепкіш, культиватор сынды құрал-жабдықтар толықтай іске қосылып, науқанға жұмылдырылған.
Мал шаруашылығы бағытында да көктемгі төл алу жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Қой-ешкі, сиыр мен жылқыдан төл алу кезеңі қызған шақ. Ауылдық ветеринариялық қызмет мамандары аналық малдың денсаулығына тұрақты бақылау жүргізіп, алдын алу шараларын уақытылы атқаруда. Шаруашылықтардың көпшілігінде төлдің аман-есен туып, тиісті күтіммен қамтамасыз етілуі жақсы жолға қойылған.
Қордайлық диқандар мен малшылардың еңбегі – тек ауданның ғана емес, жалпы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне қосылған зор үлес. Табиғат та қолайлы болып тұр. Енді еңбектің нәтижесі мол өнім мен өсім берсін деген тілегіміз бар.