Президент белгілі саясаткер, дипломат Қуаныш Сұлтановты «Отан» орденімен марапаттады

0 8

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі айрықша еңбегі үшін Қуаныш Сұлтанұлы Сұлтанов «Отан» орденімен наградталды, – деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.

«Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі айрықша еңбегі үшін Қуаныш Сұлтанұлы Сұлтанов «Отан» орденімен наградталсын», – делінген Президент Жарлығында.

Қуаныш Сұлтанов — 1945 жылы 12 мамырда Талдықорған облысы Панфилов ауданының Еңбекші ауылында туған.

С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін (1972) журналист мамандығы бойынша; КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын (1986) бітірген.

Саяси ғылымдардың кандидаты (1996), докторы (2001). Докторлық диссертациясының тақырыбы: «Қазақстандағы және Қытайдағы реформалардың ерекшеліктері: салыстырмалы талдау». ҚР Саяси ғылымдар академиясының академигі (1997).

ҚХР ҚҒА, Қарағанды мемлекеттік университетінің құрметті профессоры. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры (2003 жылдан).

1991-1993 жылдары баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі, кейін премьер-министрдің орынбасары, Қазақстанның Қытай, Солтүстік Корея, Вьетнам және Моңғолиядағы елшісі қызметтерін атқарды. Мәжіліс және Сенат депутаты болды.

«Қарлығаштар» (1976), «Жастардың аяқ алысы» (1981), «Қазақстан комсомолы» (1982), «Уақытпен бетпе-бет» (1995). «Қазақстан-Қытай: тарих және қазіргі заман» (1995), «Қазақстан-Қытай: құжаттар мен материалдар жинағы» (1997), «Алыптың оянуы (қытай реформасы туралы очерктер)» (1999) кітаптарының авторы, «Қазақстан мен Қытайдағы реформалар. Ерекшеліктері. Ұқсастығы. Айырмашылықтары. Жетістіктері. Мәселелері» (2000), Қазақстан Республикасы мен Қытай халық Республикасының арасындағы дипломатиялық қарым — қатынастардың орнағанына 10 жыл толуы құрметіне орай жазылған «Тату көршілік. Добрососедство» (Астана-Пекин, 2001), «Мүдделер қиылысы. Перекресток интересов» (2003) монографияларының, «Қазіргі заманғы саяси процестер» (2004) атты оқу құралыныңтең авторы, «Серпінді кезең» (2005) кітабының, сондай-ақ 200-ден аса мақала мен жарияланымдардың авторы.