Жамбыл облысы инвестиция тартуда жаңа серпінге ие болды

0 201

Өңір экономикасының қозғаушы күшіне айналған жобалар мыңдаған жұмыс орнын ашуға жол ашады, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа инвестициялық циклды іске қосу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Жамбыл облысында ауқымды экономикалық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар өңірдің негізгі салаларын қамти отырып, экономикалық өсім мен жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз етуде.

2025 жылдың бірінші тоқсанында облысқа 120,5 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,1 пайызға артық. Бұл – инвесторлар сенімінің артқанының айғағы.

Бүгінде Жамбыл облысының инвестициялық портфелінде жалпы құны 3 триллион 600 миллиард теңгені құрайтын 82 жоба бар. Осы жобаларды іске асыру барысында 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылмақ. Ал биылдың өзінде 175 миллиард 200 миллион теңгеге бағаланған 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл 1500 азаматты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Өңірде жүзеге асып жатқан ірі жобалардың қатарында:

  • «ЕуроХим – Тыңайтқыш» ЖШС – минералды тыңайтқыш өндірісі;

  • «Qazaq Soda» ЖШС – кальцийлендірілген сода өндірісі;

  • «Altynalmas Reagents» ЖШС – натрий цианиді өндірісі;

  • «Шокпар – Гагаринское» ЖШС – алтын өндірісі;

  • «Шагала Майнинг» ЖШС – мыс өндіру жобалары бар.

Сонымен қатар, жасыл энергетика саласындағы халықаралық ынтымақтастық та күшейіп келеді. Францияның «Total Eren» және Біріккен Араб Әмірліктерінің «Masdar» компаниялары өңірде жел электр станцияларын салуға бағытталған жобаларды іске асыруда. Бұл серіктестік экологиялық тұрақтылық пен баламалы энергия көздерін дамытуға негіз қалайды.

2024 жылғы 16 сәуірде тағы екі ірі өндірістік жоба – «Yonggang Central Asia Iron And Steel» металлургиялық зауыты мен «Fufeng Group» жүгеріні терең өңдеу кәсіпорнының құрылысы басталды. Бұл кәсіпорындар отандық өңдеуші өнеркәсіпке серпін бермек.

Инвесторларға жүйелі қолдау көрсету мақсатында құрылған «Zhambyl Invest» дирекциясы – аймақтағы инвестициялық жобаларды сүйемелдеу ісінің негізгі үйлестірушісі. «Бір терезе» қағидаты негізінде жұмыс істейтін бұл құрылым жобаның бастамасынан іске қосылуына дейін жан-жақты қолдау көрсетеді.

Бизнеске қолайлы орта қалыптастыру арқылы Жамбыл облысы шетелдік және отандық капитал үшін инвестициялық тартымдылығын арттыра түсті. Өңір бүгінде тұрақты экономикалық өсім мен жаңа мүмкіндіктер аймағына айналып келеді.