Ерлік өнегесі – ұрпаққа аманат

0 161

Тараз қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы №1 гимназияда Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне орайластырылған салтанатты жиын өтті. Жастарға отансүйгіштік пен ерлік рухын дәріптеуді мақсат еткен бұл тағылымды іс-шара – елін сүйген ерлердің өнегесін ұмытпауға шақырған маңызды кездесулердің бірі болды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Жиынға облыстық интернационалист-жауынгерлер одағының төрағасы Керім Ізбасаров, оның орынбасары Марат Төртбаев, қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова сынды қоғамда кеңінен танымал тұлғалар қатысты. Сонымен қатар, ардагерлер, мектеп ұстаздары мен оқушылар және қала белсенділері де атсалысты.

Кездесудің ашылуында сөз сөйлеген Керім Маханбетұлы Отан үшін күрескен ерлердің ерлігі – бүгінгі ұрпақ үшін ұлы мұра екенін айтып, бейбіт өмірдің құндылығына ерекше тоқталды.

Шара барысында гимназия оқушылары соғыс жылдарын бейнелейтін театрландырылған көрініс ұсынып, көрерменге терең әсер қалдырды. Қойылымда майдан шебіндегі ерліктер мен қиын сәттер шынайы түрде сахналанды. Жас өнерпаздардың жүрекпен жеткізген көрінісі көрермен көңілін толқытты.

Сонымен қатар, әскери-патриоттық клуб мүшелері саптық шеру көрсетіп, дайындық деңгейін паш етті. Жас сарбаздардың тәртіпті жүрісі мен нақтылы қимылдары көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Пернешқызы өз сөзінде гимназия ұжымының жас буынға патриоттық тәрбие берудегі еңбегін атап өтіп, бірқатар ұстаздар мен оқушыларды «Қазақстан патриоты» медалімен марапаттады.

Іс-шараның ерекше бөлімі – «Арлан» оқу-жаттығу зводының тактикалық көрсетілімі болды. Жас жауынгерлер шұғыл әрекет ету, стратегиялық қозғалыс және топтық үйлесім сынды әскери әдістерді жоғары деңгейде көрсетті. Бұл олардың терең дайындық пен темірдей тәртіпке негізделген еңбегінің нәтижесі екені анық.

Салтанатты жиын соңында қатысушылар гимназия ауласындағы «Ер есімі – ел есінде» аллеясына барып, ағаш отырғызу акциясына қатысты. «Жүз жылын ойлаған халық ағаш егеді» деген ұранмен өткен бұл символдық шара – бейбітшіліктің қадірін ұғындырып қана қоймай, табиғатқа, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталды.

Осындай тағылымды кездесулер – ел тарихын құрметтеп, ерлікті ардақтайтын жас ұрпақ тәрбиелеудің жарқын үлгісі.