Әскери оқу орындарына онлайн қалпына келу мүмкіндігі пайда болды

0 113

Бұрын әскери оқу орнынан шығып қалған курсанттар үшін қайта қабылдану күрделі де, ұзаққа созылатын процесс болса, енді бұл мәселе заманауи форматта шешімін тапты. ҚР Қорғаныс министрлігінің бастамасымен және цифрлық даму саласындағы құзырлы органдардың қолдауымен бұрынғы курсанттарға оқу орнына қайта оралуға мүмкіндік беретін онлайн қызмет іске қосылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Енді eGov.kz электронды үкімет порталы арқылы бұрынғы курсанттар әскери оқу орнына қалпына келу туралы өтінім бере алады. Бұл қызмет үйден шықпай-ақ, тек интернет көмегімен қолжетімді. Ең бастысы – қызмет тегін және бір семестрден астам оқығандарға арналған.

Бұған дейін курсанттардан түрлі құжаттар жинау, жеке келу және бірнеше күнге созылатын рәсімдер талап етілетін. Ал, жаңа форматта бұл қажеттіліктердің көбі жойылды. Жеке куәлік, транскрипт, фотосурет, әскери куәлік сынды құжаттардың басым бөлігі автоматты түрде мемлекеттік мәліметтер базасынан алынады. Осылайша, өтініш берушіге тек өз мәліметтерін нақтылап, бірнеше қарапайым қадамнан өту жеткілікті.

Айта кетерлік жайт – өтініш оқу орнынан шығарылған сәттен бастап бір жыл ішінде ғана қабылданады. Бір жылдан асқан жағдайда қалпына келу құқығы жойылады.

Онлайн қызметті пайдалану тәртібі мынадай:

  1. eGov.kz порталына тіркеліп, «Әскери қызмет» бөліміне кіру қажет;

  2. «ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қалпына келтіру» қызметін таңдап, онлайн тапсырыс беру түймесін басу керек;

  3. Оқу орнын таңдап, шығарылған уақытыңызды көрсете отырып, деректерді пайдалануға келісім беру керек;

  4. Мекенжайыңызды көрсетіп, қажет құжаттарды тіркеу қажет;

  5. Электрондық қолтаңбаның бір нұсқасы арқылы өтінішке қол қою керек;

  6. Қызмет нәтижесі жеке кабинетке «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде түседі.

Өтініш 20 жұмыс күні ішінде қаралады. Қалпына келуге рұқсат берілсе – электронды жауап келіп түседі. Ал, теріс шешім шыққан жағдайда да себептері нақты көрсетілген ресми бас тарту жіберіледі.

Бұл жаңашыл қызмет ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты Мемлекеттік қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және ҚР Қорғаныс министрлігі арасындағы бірлескен жұмыстың нәтижесінде іске қосылып отыр.

Осылайша, отан алдындағы борышын жалғастырғысы келетін жас сарбаздарға енді бір мүмкіндік бар – ол бар болғаны бірнеше батырманы басу арқылы қолжетімді.