Алғаш рет егіс алқаптарын әртараптандыруға жер бөлінді

0 153

Еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінде биылғы көктем жаңашылдықпен басталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ауылшаруашылығы министрлігі ауылшаруашылығы алқаптарын әртараптандыру бағытында нақты іс-шараларды қолға алды. Алғаш рет 1 миллион гектардан астам жер арнайы осы мақсатқа бөлініп отыр. Мұндай қадам бұрын-соңды қолға алынбаған. Жобаның басты мақсаты – еліміздің ауылшаруашылығы саласын бір ғана дақылға, әсіресе, дәнді дақылдарға тәуелділіктен арылтып, тұрақты әрі теңгерімді егін шаруашылығын қалыптастыру, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Ауылшаруашылығы министрлігінің болжамынша, 2025 жылға қарай майлы, бұршақ және мал азықтық дақылдардың егіс көлемі едәуір артады. Күнбағыс егісі алғаш рет 1,4 миллион гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 121 мың гектарға ұлғаяды. Сонымен қатар, зығыр, қыша және рапс егістіктері де мыңдаған гектарға өседі. Бұл шешім ауылшаруашылығының табыстылығын арттырып қана қоймай, ішкі және сыртқы нарықтағы сұранысты да қанағаттандыруға септігін тигізбек.

Мал шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз ету де – басты назарда. Осы бағытта мал азықтық дақылдар 127 мың гектарға артық егілетін болады. Бұл бір жағынан мал шаруашылығының өнімділігін арттырса, екінші жағынан егіс айналымының сапасын жақсартуға әсер етеді.

Соңғы екі жылда елімізде бидай егісі 750 мың гектарға қысқарған. Биыл бұл көрсеткіш тағы 187 мың гектарға кемімек. Ал нарықтық сұраныс пен әлеуметтік маңыздылығы ескеріліп, арпа мен қарақұмық алқаптары едәуір ұлғаймақ. Сондай-ақ, қант қызылшасының өнімділігіне қарай оның көлемі 6,7 мың гектарға қысқартылып, 18,4 мың гектарды құрайтын болады. Картоп егісі керісінше, 11,3 мың гектарға арттырылып отыр.

Су ресурстарын тиімді пайдалану да ескерусіз қалмаған. Биыл мақта алқабы 135 мың гектарға белгіленіп, соның ішінде 50 мың гектарға тамшылатып суару технологиясы енгізіледі. Ал дәстүрлі әдіспен егілетін алқаптар көлемі 21,4 мың гектарға қысқарады.

Жалпы алғанда, 2025 жылғы егіс құрылымы елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ауылшаруашылығы өндірісін барынша икемді әрі тұрақты етуге бағытталып отыр. Бұл – еліміздің аграрлық саласын жаңа деңгейге көтеретін маңызды кезең.