Құқық бұзушылықтардың алдын алу және әскери тәртіпті нығайту шаралары
Гвардейск гарнизонының әскери прокуратурасы еліміздегі әскерилердің құқықтарын қорғауға, олардың заңды мүдделерін қамтамасыз етуге және әскери тәртіпті қатаң сақтауға бағытталған ауқымды шараларды іске асыруда. Бұл бағытта гарнизон әскери прокуратурасы әскери бөлімдермен бірлесіп жұмыс жүргізіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін түрлі жаңа тәсілдер мен заманауи технологияларды қолдануда, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Әскери прокуратура гарнизондағы әртүрлі проблемаларды зерттеп, оларды шешу жолдарын айқындайды. Бұл үшін ведомствоаралық кеңестер өткізіліп, әскери мекемелерге нақты тапсырмалар мен ұсыныстар беріледі, олардың орындалуы қадағаланатын болады. Сонымен қатар, әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.
Әскердегі құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында бейнебақылау жүйесі енгізілген. Қазір барлық әскери бөлімдер мен казармалар бейнекамералармен жабдықталған. Бұл жүйе әскерилердің тыныштығын қамтамасыз етіп, кез келген күмәнді әрекетті бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әскери қызметшілердің моральдық-рухани жағдайын жақсарту және құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында «Жауынгерлік дос» және «Серіктес» сияқты жүйелер іске қосылды. Бұл жүйелер әрбір әскери қызметшінің жеке қарым-қатынасын бақылап, оны дұрыс бағытта дамытуға көмектеседі.
Әскери прокуратура жүргізген профилактикалық шаралардың бірі – «Пирамида» жүйесінің енгізілуі. Бұл жүйе арқылы әрбір әскери бөлім командирлері өздеріне бағынышты қызметкерлерге бақылауды күшейтеді. Командирлер арасындағы байланыс телефон арқылы жүзеге асады. Мысалы, взвод командирлері рота командиріне, рота командирлері батальон командиріне өз қызметкерлерінің жағдайы туралы баяндап отырады. Бұл жүйе командирлерге дер кезінде шешім қабылдауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Әскери қызметшілердің жағдайы үнемі назарда. Осыған байланысты әскери бөлімдерде сарбаздар мен олардың ата-аналары үшін арнайы чаттар құрылды. Бұл чаттар арқылы ата-аналар балаларының жағдайы туралы ақпарат алып, өз пікірлерін білдіре алады. Сонымен қатар, «Отбасымен бейнеқоңырау» қызметі арқылы сарбаздар туыстарымен аптасына бір рет бейнеқоңырау арқылы байланыса алады. Бұл шара сарбаз бен оның отбасы мүшелерінің арасындағы сағынышты басып, әскери қызметтің ауыртпалығын жеңілдетуге ықпал етеді.
Әскери прокуратура қызметкерлері профилактикалық жұмыстар жүргізу барысында әскери қызметшілермен анонимді сауалнамалар жүргізіп, психологиялық тұрғыдан көмектеседі. Сонымен қатар, әскери қызметшілердің денсаулығын тексеру, дене жарақаттарын анықтау және олардың себептерін тергеу мақсатында медициналық қызметкерлермен бірлескен тексерулер өткізіледі. Әскери прокуратура қызметкерлері құмар ойындар мен лудоманияның зияны туралы түсіндіру жұмыстарын да жүргізеді.
Әскери прокуратура әскери бөлімдердегі құқық бұзушылықтармен күрес жүргізіп, әрбір қылмыстың жазасын қатаң түрде талап етеді. Бұған қоса, әскери бөлімдерде жасалған құқық бұзушылықтардың сот залында немесе телетрансляция арқылы көрсетілуі олардың алдын алу үшін тиімді тәсіл болып табылады. Әскерилер қатаң жазалау шараларының болатынын көріп, бұдан кейін өзара күш көрсетуге жол бермейді.
Гвардейск гарнизонының әскери прокуратурасы жүзеге асырып отырған профилактикалық шаралардың нәтижесінде соңғы үш жылда әскерде төтенше жағдайлар мен сарбаздардың әскери қызмет кезінде қаза болуына жол берілмеді. Сонымен қатар, Бас әскери прокуратурамен бірлесіп «Әскердегі заң мен тәртіп» және «Цифрлық профилактика» кешенді бағдарламалары іске қосылады. Бұл бағдарламалар әскери қызметшілердің құқықтарын қорғауға, тәртіпті нығайтуға және әскери қызметтің сапасын арттыруға бағытталған.
Гвардейск гарнизонының әскери прокуратурасы алдағы уақытта әскердің инфрақұрылымын дамыту, әскери қызметшілердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту үшін барлық күш-жігерін жұмсайтын болады. Әскерилердің денсаулығы мен қауіпсіздігі басты назарда тұр, бұл шаралар олардың қызметіне жағымды әсерін тигізіп, жалпы әскери тәртіпті нығайтады.