Қызғалдақ өрнекті киіз – ұлттық рекорд, ұрпаққа өнеге

0 227

Қаратау бөктеріндегі халықаралық «Қызғалдақ мұра» фестивалінде Жамбыл облысының қолөнершілері ұлттық өнердің жарқын үлгісін танытып, Қазақстанның КИНЭС рекордтар кітабына енді. Олар көлемі 200 шаршы метр болатын бірегей киіз бұйымын әзірлеп, оны көпшілік назарына ұсынды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Бұл – жай ғана киіз емес, үш ай бойы күн-түн демей еңбек еткен жүз шебердің шығармашылық жемісі. Ерекшелігі – киізге қызғалдақ бейнесі бедерленген. Осылайша, бұл бұйым табиғи, мәдени және символикалық мазмұнды бойына тоғыстырған өнер туындысына айналды.

– Қазақ халқы үшін киіз – тек тұрмыстық бұйым емес, тұтас мәдениеттің көрінісі. Ақпан айында облыстағы бес қолөнер бірлестігі бірігіп, осы жобаны қолға алдық. Дизайн элементтерін белгілі суретші-дизайнер Айдархан Қалиев таңдады. Жергілікті табиғи шикізатты пайдалана отырып, дәстүрлі ылғалды әдіспен киіз басу жұмыстары жүргізілді, – дейді «Qoloner Taraz» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Раушан Құндызбаева.

Киізбен жасалған бұл рекордтық туынды фестиваль кезінде салтанатты түрде таныстырылды. Қазақстанның КИНЭС рекордтар кітабының ресми сертификаты арнайы рәсіммен тапсырылып, шеберлердің еңбегі лайықты бағасын алды.

Фестиваль қонақтары, соның ішінде шетелдік сарапшылар мен туристер, киіз бұйымына және оның жасалу процесіне үлкен қызығушылық танытты. Олар бұл өнер туындысын қазақ халқының бай мәдени мұрасының айқын дәлелі ретінде жоғары бағалады.

Ең ерекше жаңалықтардың бірі – осы рекордтық киіздің халықаралық «Әулие-Ата» әуежайына қойылатыны. Арнайы шынымен қапталып, ол тұрақты көрме ретінде орнатылмақ. Бұл мәдени мұраны кеңінен насихаттауға арналған маңызды қадам болмақ.

– Мұндай бастамалар арқылы біз ұлттық дәстүрлерді тек сақтап қоймай, оны әлемге танытамыз. Бұл – мәдени дипломатияның, жұмсақ күштің бір түрі, – дейді Раушан Құндызбаева.

Фестиваль шеңберінде өткен тағы бір тағылымды сәт – дәстүрлі «Қымызмұрындық» рәсімі болды. Жиналған жұртшылық бие сауушылар жарысын, «қазық қағу», «бие байлау» секілді көшпелі өмірдің маңызды элементтерін тамашалап, «қымыз ашыту» бойынша шеберлік сабағына қатысты. Қымыз көрмесі де ерекше қызығушылық тудырды.

Осылайша, «Қызғалдақ мұра» фестивалі – мәдениеттің, дәстүрдің, өнер мен табиғаттың үндестігін паш еткен, ұлттық рухты жаңғыртқан ауқымды оқиғаға айналды. Қолөнершілердің қолтаңбасы тарихқа енді, ал олардың еңбегі – болашақ ұрпаққа рухани мұра.