Журналистикадағы жаңа сын-қатерлер мен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды
Тараз қаласында «Бүгінгі журналистика: сын-қатерлер, трендтер, мемлекеттік құрылымдармен өзара іс-қимыл» тақырыбында республикалық деңгейдегі маңызды семинар өтті. М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің Тәуелсіздік залында өткен шараға өңірлік БАҚ жетекшілері, тәжірибелі журналистер мен жас қаламгерлер қатысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Семинарды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Қаниұлы құттықтау сөзімен ашты. Ол заманауи журналистиканың жаңа кезеңі туралы айта келе, мемлекеттік құрылымдар мен БАҚ арасындағы ашық әрі тиімді байланыс орнатудың маңыздылығына назар аударды.
Одан кейін сөз алған Жамбыл облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің директоры Сәдуақас Алмат «Мемлекеттік органдар мен БАҚ-тың өзара іс-қимылы: тиімділігі мен ашықтығы» тақырыбында баяндама жасады. Ол мемлекеттік мекемелердің қоғам алдындағы ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуде бұқаралық ақпарат құралдарының алатын орны ерекше екенін атап өтті. Спикер өз сөзінде:
«Ақпараттық саясаттағы ашықтық – тек мемлекеттік органдардың міндеті ғана емес, қоғаммен сенімді қарым-қатынас орнатудың басты тетігі. БАҚ пен мемлекеттік құрылымдардың өзара тығыз байланысы халықтың сұранысына жауап беретін сапалы контент қалыптастыруға ықпал етеді», – деді.
Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, ҚР Журналистер одағының мүшесі, әдебиеттанушы Бақытжан Маханұлы өз баяндамасында қазіргі медиадағы медиасауаттылық мәселелерін көтерді. Ол қоғамда жалған ақпараттың кең таралу қаупін ерекше атап өтіп, медиасауатты азамат қалыптастыру білім беру саласында да, журналистикада да басым бағыт болуы тиіс екенін айтты.
«Ақпараттың ағыны күннен-күнге ұлғайып келеді. Бұл жағдайда медиасауаттылық – азаматтық жауапкершілік пен ұлттық қауіпсіздіктің негізгі кепіліне айналды», – деді әдебиеттанушы.
«Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құлабаева екі тақырыпта мазмұнды шеберлік сағаттарын өткізді. Алғашқы баяндамада ол медиаконтентті тиімді визуализациялау әдістері туралы айтты. Спикердің айтуынша, қазіргі аудитория ақпаратты тез қабылдап, жеңіл түсінуге бейім болғандықтан, графикалық және визуалды тәсілдер қолданысының рөлі артқан.
Келесі бөлімде ол журналистерге арналған баяндау шеберлігіне тоқталды. Гүлбаршын Қайратқызы журналистердің сенімділігін арттыру және аудиториямен тиімді қарым-қатынас орнату үшін сөйлеу тілі мен баяндау стилінің маңыздылығын нақты мысалдармен түсіндірді.
Семинар соңында қатысушылар тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, еркін пікір алмасу алаңы ұйымдастырылды. Қатысушылар мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының бірлескен жұмысының нәтижесінде қоғамдағы ашықтық пен сенімділікті арттыруға болатынын атап өтті.
Жалпы, «Бүгінгі журналистика: сын-қатерлер, трендтер, мемлекеттік құрылымдармен өзара іс-қимыл» семинары кәсіби шеберлікті арттыру, өзекті мәселелерді талқылау және журналистикадағы жаңа бағыттарды анықтау жолында маңызды қадам болды.