Таразда тәртіп күзетіне жұмылдырылған күштер гарнизондық сапқа тұрды
Тараз қаласының орталық алаңында Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаевтың басшылығымен құқық қорғау органдарының гарнизондық жиыны өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Іс-шараға ПД жеке құрамымен қатар жергілікті атқарушы орган өкілдері, ішкі істер органдарының ардагерлері, жеке күзет құрылымдары, еріктілер мен қоғам белсенділері қатысты.
Гарнизондық жиын барысында Бақытжан Малыбаев қоғамдық тәртіпті сақтау – полиция қызметінің басты басымдығы екенін атап өтті. Ол полиция қызметкерлеріне азаматтармен қарым-қатынас кезінде сыпайылық пен ұстамдылық танытып, тұрғындармен тығыз ынтымақта жұмыс істеу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, заң мен тәртіп талаптарының бұлжытпай орындалуын қамтамасыз етудің маңызын ерекше атап өтті.
Полиция департаментінің бастығы жеке құрамның саптық тәртібі мен қызметтік дайындық деңгейін, нысанды киім үлгісін және қызметтік автокөліктердің техникалық жағдайын тексерді. Арнайы құралдармен жабдықталу деңгейі де назардан тыс қалмады.
Жиын барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер мен тапсырмалар жүктелді. Полиция қызметкерлеріне облыстағы жедел ахуал жөнінде ақпарат беріліп, қажетті бағыттамалар таратылды.
Іс-шара соңында гарнизон қызметкерлері әскери оркестр сүйемелдеуімен саптық марш жасап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету қызметіне ресми түрде кірісті.