Жаңа заңның көмегімен қылмыс жасауы мүмкін тұлғалар қалай бейтараптандырылады
Қазақстанда “Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы” жаңа заң жобасы қаралуда. Онда “құқық бұзуға бейім тұлғалар” деген ұғымға нақты анықтама берілмек. Мұндай адамдар құқық бұзушылық жасамай тұрып бақылауға алынады, ал егер қылмысқа жол берілсе – тіпті соттылығы алынғаннан кейін де бақылау жалғасады. Бұл туралы «Aulieаtanews» ақпарат агенттігінің тілшісі хабарлайды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне “Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы” заң жобасы ұсынылды. Өйткені, белгілі болғандай, қылмыстың салдарымен күрескеннен гөрі, оның алдын алған әлдеқайда тиімді.
Бүгінде Қазақстанда келесі профилактикалық бағыттағы заңдар қолданыста:
1. 2010 жылғы «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң;
2. 2009 жылғы «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заң;
3. 2004 жылғы «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және балалардың қараусыз, қадағалаусыз қалуының алдын алу туралы» заң;
4. 2004 жылғы «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы» заң;
5. 1996 жылғы «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға әкімшілік бақылау орнату туралы» заң.
Енді осы заңдардың барлық нормалары біріктіріліп, бір заң аясында қабылданбақ. Бұған себеп те бар. Бір жағынан, аталған заңдарда көп жағдайда бірін-бірі қайталау орын алған. Екінші жағынан – олардың көбі тек декларативті сипатта болып, нақты іс-қимыл тетіктерін ұсынбаған. Бұл құқық қорғау органдары мен өзге де мемлекеттік мекемелерге тиімді профилактикалық жұмыс жүргізуге кедергі келтірген.
Міне, енді осының бәрін түзету көзделіп отыр.
Жаңа заң көлемді болмақ. Негізгі тұстарына тоқталсақ: Заң жобасына қатысты Регуляторлық саясаттың кеңес беру құжатында қазіргі заңдардың ешбірінде мынадай маңызды ұғымдардың мәні ашылмағаны айтылады: “құқық бұзуға бейім тұлға”, “қоғамға қарсы әрекеттер” және т.б.
Жаңа заңда бұл ұғымдарға нақты анықтама беріледі. Сонымен қатар, құқық бұзушылық жасауы мүмкін тұлғалар ретінде алдын алу есебіне алынып, бақылауда болатын бес санаттағы адамдар анықталған:
1. Соттылығы алынбаған және өтелмеген адамдар;
2. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар;
3. Бір жыл ішінде екі және одан да көп рет қоғамдық тәртіп пен моральға қарсы әкімшілік құқық бұзушылық жасағандар;
4. Қайтадан, бірақ ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылғандар;
5. Қайтадан қылмыстық теріс қылық жасағандар.
Ұсыныс бойынша, бұл адамдармен профилактикалық жұмыс олардың қоғамға қарсы өмір салтынан бас тартқанына дейін жалғасатын болады.