Еліміздің екі өңірінде «жайлы мектеп» ашылды

0 170

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қостанай облысының Арқалық, Жамбыл облысының Тараз қаласында жайлы мектеп ашылды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Арқалықтағы мектеп 300 орынға лайықталған. Бұл мектепте балалардың бойында зерттеушілік дағдыларын қалыптастыру мақсатында жабдықталған  26 оқу кабинеті бар.

Мектепте оқушылардың IT-құзыреттілігін, ғылыми және шығармашылық әлеуетін қолдау үшін заманауи робототехника кабинеттері, компьютерлік сыныптар және STEM-зертханалары да жасақталған.

Тараз қаласындағы жайлы мектепте 1200 оқушы білім алады. Мектеп ғимаратында мәжіліс залы, 60-қа жуық оқу кабинеті, асхана, 2 спорт залы, 2 лингафон кабинеті, 3 зертхана, кітапхана, компьютер залдары, сонымен қатар 3 шеберхана мен 10 коворкинг-орталық бар. Бұл Жамбыл облысында ашылып отырған екінші жайлы мектеп.

Айта кетейік, жыл басынан бері елімізде 84 мың оқушыға арналған 32 жайлы мектеп ашылды.