Ғасыр жүгін арқалаған басылым

0 199

Ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар, бағыт-бағдары айқындалған, елдің үні, аймақтың айнасына айналған Талас аудандық «Talas tynysy» газетіне 90 жыл толып отыр. Ең алғаш «Жұмысшы» деген атаумен жарық көрген басылым әр жылдары «Колхозшы», «Екпінді колхозшы», «Ленин жолы», «Талас тынысы»  болып қалың оқырманға тарады. Осы аралықта аудандық газетті отызға жуық редактор басқарып, уақыт талабына сай түрленуіне үлес қосты. Ғасырға жуық аралықта басылым ел өміріндегі елеулі жаңалықтармен бөлісіп, талантты жастарды танытты, тағылымға толы шежіресін қалыптастырды, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Ғасыр жүгін арқалаған басылымның мерейтойына орай аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова редакция ұжымын қабылдап, аудан әкімі Нұрбол Жүнісбековтың құттықтауын жеткізді. Шежірелі басылымдың мерейлі белесі қалың оқырманға ортақ қуаныш екендігін алға тартқан Айтолқын Серікқызы редакция ұжымына жылы лебізін білдіріп, арнайы сыйлықтарды табыс етті.

Сонымен қатар, аудандық тарихи-өлкетану музейі «Talas tynysy» газетінің 90 жылдығына тілеулестік танытып, қуанышымен бөлісті. Мекеме басшылығының бастамасымен музей залынан арнайы басылым бұрышы ашылып, көрме ұйымдастырылды. Онда  әр жылдары түрлі атаумен жарық көрген аудандық газеттің тігінділері, басылымның өткенінен сыр шертетін фотосуреттер қойылып, бейнероликтер көрсетілді.

Музей қызметкерлері ұйытқы болған іс-шараға республикалық «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы, «Talas tynysy» газетінің қатысушысы Ғалым Қасабай, облыстық «Әулиеата» газетінің бас редакторы Қуаныш Иембердиев, «Салық тәртібі» газеті бас редакторының орынбасары Амангелді Әбіл, «Talas tynysy»  газетінің директоры Олжас Иенберген, аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова және аудандық газеттің ардагерлері мен тұрақты оқырмандары қатысты.

Іс-шарада сөз алған Ғалым Қасабай басылымның заманға сай қалыптастырған келбетіне тоқталса, Айтолқын Серікқызы, ардагерлер Сәулембай Әбсадықұлы, Фатима Оразбаева, Жұмабек Әсемов редакция ұжымына елдің рухани көкжиегін кеңейту жолындағы еңбегіне тілеулестік танытты.

Сонымен қатар, «Talas tynysy» газетінің бас редакторы Дүйсен Молдақұлов редакция тарапынан газет ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, сый-сияпаттар табыстады.