Меркідегі мәдениет күн

0 767

Жамбыл облысының 85 жылдығына орай, аудандарда «Мәдениет – асыл қазынам» атты мәдениет күндері аталып өтуде. Аталмыш мәдени-көпшілік іс-шара сенбі күні Меркі ауданында жалғасып, жалпыаудандық сипатта көрініс тапты, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Меркі ауданының мәдениет күні ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі Ақкөз Қосановтың 165 жылдығына орай, батыр есімімен аталған №18 мектептегі ескерткішке тағзым ету рәсімімен басталды. Онда ақын Бейбіт Шошабаев мерекелік жыр тарту етсе, қонақтар назарына Ақкөз Қосанов атындағы мектеп музейіндегі тарихи жәдігерлер ұсынылды.

Орталық алаңда ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өтіп, онда ауылдық округтерден келген кәсіпкерлер жергілікті ауылшаруашылығы өнімдерін жеңілдетілген бағада сатты. Сондай-ақ ауылшаруашылығы дақылдарынан бейнелендіріліп безендірілген көрмелер көпшілік назарына ұсынылды.

Іс-шараның негізгі бөлігі Асанбай Асқаров атындағы орталық стадионда жалғасын тапты. Стандионның кіре берісіне 3Д форматтағы қақпа қойылып, мәдениет пен өнердің диалогымен қонақтар мен аудан тұрғындары ішке кіргізілді.

Қонақтар мен жиналған көпшілік алаңға кірген соң, өткенге саяхат жасап аудан спортшыларының көрсетілімін, түрлі тақырыптық көрмелер, қолөнер, қылқалам шеберлерінің көрмесін, киіз үйлердегі салт-дәстүрлер көрінісін, алтыбақан және салт-дәстүрлер бейнеленген этно-мәдени бірлестіктер көрмесін тамашалады. Ұмыт болған салт-дәстүрлерден тағлым алып, ұлттық ойын түрлерінен бақ сынасты.



Мәдени шара концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, аудандық мәдениет үйі әншілерінен, «Үміт» сарайының «Жібек жолы» бишілерінен, 100 хор орындаушылар мен 100 оригиналды жанр орындаушыларынан құрылған топтардың орындауында арнайы облыстың 85 жылдығына жазылған «Мақтанышым Меркім» атты жаңа ән шырқалды. Сонымен қатар, «Ақсауыт» тобы әнінің сүйемелдеуімен Қақақстанда топ жарған ұлттық спорт өнершілері өнер көрсетті.

Концерттік бағдарлама барысында Меркі ауданы әкімі Жорабек Баубеков аталмыш мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

Содан соң, Меркі өңірінен шыққан өнер қайраткерлері Алтынбек Қоразбаев «Елге сәлем» және Бағдат Сәмединова «Бақыт тілеймін», «Армандастар құрдастар» әндерін шырқаса, республикаға танымал өнерпаздар Бағлан Бәбіжан, Оңал Азаматова, Наурыз Құлданов пен Болатхан Назымгүл, Данияр Жақсылықов, Біржан Байбол, Дильназ Бердалиевалар өнерлерін халық назарына ұсынды.

Концерттік бағдарламаны танымал актриса, тележүргізуші Перизат Алпыс, әнші, тележүргізуші Ұлжан Ибраимова мен халықаралық «Шырқа дауысым» дәстүрлі әншілер байқауының жеңімпазы Мадияр Шалабаев жүргізді.

Іс-шара №9 Мұхтар Әуезов атындағы мектеп гимназиясы алдындағы Тұрар Рысқұловтың музей үйімен және ағымды жөндеуден өткен Кеңес ауылдық мәдениет үйінің тыныс-тіршілігімен танысу рәсімімен жалғасын тапты.