Биыл 332 жол жөндеу жобасы жүзеге асырылады
Жергілікті жолдарды жөндеу мен атқарылған жұмыстар барысы қаралған аппараттық кеңесте Жамбыл облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың есебі тыңдалды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 23,3 миллиард теңге қаралып отыр. Жалпы, жол саласында 332 жоба іске асырылмақ. Атап айтқанда, 16,5 шақырым көше жолдары құрылыспен, 631,9 шақырым жол орта жөндеу жұмыстарымен қамтылады, үш шақырым жол қайта жаңғыртылады. Аталған жобаларды іске асырудың нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 99 пайызға, елді мекен көшелері бойынша 87 пайызға жеткізу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 144 жоба бойынша жұмыстар басталған. Жергілікті жолдарды күтіп ұстауға 2,2 миллиард теңге қарастырылып, шұңқырларды жөндеу, жол белгілерін орнату және т.б. бағыттар бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жол саласында биыл ауқымды жұмыстар қолға алынғанын атап өтіп, бірқатар мәселелерге көңіл бөлді.
– Қазір Тараз қаласында жылу құбырлары ауыстырылып жатыр. Бұған дейін қазылған көшелерді қайта жаңарту жұмыстары көңіл көншітпейді. Мәселен, Қойгелді көшесіндегі жол ойылып, көлік иелеріне кедергі келтіруде. Шаһардағы қазу жұмыстары толық аяқталысымен, жолды қалпына келтіру шаралары қатаң бақылауда болуы қажет, – деген облыс әкімі жол құрылысының сапасы мен талапқа сәйкестігіне жіті назар аударуды талап етті. Облыста қолға алынған жобалар толық сараптамадан өтуі тиіс. Облыс әкімі басқарма мен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мекемесіне бұл бағытта жұмысты жүйелеу керектігін баса айтты.
Бүгінгі күнге дейін «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мекемесі тарапынан 25 нысанға зерделеу жұмыстары жүргізілді. 75 сынама алынып, бірқатар кемшіліктер анықталып отыр.
– Тұрғындар жол саласына қатысты мәселені жиі көтеріп келеді. Қазылған, тозығы жеткен көше жолдары халықтың наразылығын тудырады. Жол жауапсыздықты көтермейді. Жөнделгеніне көп уақыт өте қоймаған жолдардың қайта шұрық-тесікке айналуы – сапасыз жұмыстардың салдары, – деген Ербол Қарашөкеев жозықсыз мердігерлердің жауапкершілігін қарап, бұл мәселеге баса назар аудару керектігін ескертті. Облыс әкімі өңірде туризм саласын дамыту үшін де инфрақұрылымның маңыздылығын атап өтті.
Жиында Тараз қаласы мен аудан әкімдерінен де жол саласында атқырылған жұмыстар туралы жауаптар алынды. Сондай-ақ жауаптылар республикалық маңызы бар автожолдардың жобасын іске асыру, ауыр салмақтағы жүк көліктеріне бақылау жүргізу шаралары бойынша баяндама жасады.