Жылыту маусымы – тұрақты бақылауда, мемлекеттік қызмет – сапа назарында

0 53

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына тікелей әсер ететін маңызды мәселелер қаралды. Басқосуда жылыту маусымының өту барысы мен мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің жай-күйі жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Кеңесті ашқан аймақ басшысы елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалардың маңызына тоқталып, жаңа Конституция жобасын халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Оның айтуынша, қазіргі сындарлы кезеңде ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайта отырып, экономикалық әрі идеологиялық жаңғыруға дайын екенімізді нақты іспен дәлелдеу аса маңызды. Осы бағыттағы ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысын үйлестіру Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемовке жүктелді.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркін Алтышев баяндама жасады. Оның мәліметінше, 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы 164 тәулікке жоспарланып, бүгінгі күнге дейін оның 125 тәулігі өткен. Осы уақыт аралығында өңірде 812 мың гигакалория жылу энергиясы өндірілген.

Қазіргі таңда облыс аумағында 9 отын-энергетика кешені мен 590 автономды қазандық штаттық режимде жұмыс істеуде. Жылу көздеріндегі температуралық кесте күнделікті бақылауға алынған, ал барлық кәсіпорындардың апаттық-диспетчерлік қызметтері тәулік бойы тұрғындарға қызмет көрсетіп отыр.

Өңір отын қорымен толық қамтамасыз етілген. Жоспарланған 191,1 мың тонна көмірдің халыққа арналған 134,9 мың тоннасы толық жеткізілген. Автономды қазандықтарға қажетті 56,2 мың тонна көмірдің 55,2 мың тоннасы тасымалданған. Сондай-ақ Қордай ауданындағы білім беру нысандарына қажетті 5 мың тонна көмірдің 4 мың тоннасы жеткізіліп үлгерген.

Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі тарапынан облысқа 34,3 мың тонна әлеуметтік мазут бөлінген. Оның ішінде Жаңатас қаласының қазандығына қажетті 12805 тонна мазутты сатып алуға облыстық бюджеттен 1,4 миллиард теңге қарастырылған. Қазан-желтоқсан айларына жоспарланған 8500 тонна мазут толық жеткізілген. Қазіргі уақытта қоймада тәулігіне 75-80 тонна тұтыну көлемін ескергенде 33 тәулікке жететін 2529 тонна мазут қоры бар.

Облыс әкімі салаға жауапты орынбасары Алтай Әліге, Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне жылыту маусымын тұрақты әрі кедергісіз өткізу бойынша нақты тапсырмалар берді. Әсіресе, барлық коммуналдық және әлеуметтік нысандардың штаттық режимде үздіксіз жұмыс істеуін, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу шараларын күшейтуді міндеттеді. Сонымен қатар, Жаңатас қаласына мазуттың және Қордай ауданындағы білім беру мекемелеріне көмірдің уақытылы жеткізілуі қатаң бақылауда болатынын ескертті.

Аппараттық кеңесте мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің жай-күйі де назардан тыс қалмады. Бұл мәселе бойынша облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Бекжан Кеңесбек баяндама жасап, саладағы негізгі көрсеткіштер мен өзекті түйткілдерге тоқталды. Аймақ басшысы мемлекеттік қызметтерді сапалы әрі белгіленген мерзімде көрсетуді қамтамасыз ету, жұмыс сапасын арттыру мақсатында ішкі бақылау мен мониторингті күшейту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ жауапты тұлғаларға бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу жөнінде нақты міндеттер жүктеді.

Кеңес қорытындысы бойынша көтерілген барлық мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында болатыны айтылды.