Жыл басынан бері 8 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды
2025 жылы 8051 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері атажұртқа 1 миллион 156,1 мың этникалық қазақ оралды. Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 44,2 пайызы – Өзбекстаннан, 43,2 пайызы – Қытайдан, 5 пайызы – Түрікменстаннан, 2,7 пайызы — Монғолиядан, 2,4 пайызы – Ресейден, 2,5 пайызы – басқа елдерден.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары анықталды. Қоныстандыру өңірлерінде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2309 адамды құрайды. 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1286 қандас қоныс аударды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Бұл өңірлерде қоныстанған қандастарға бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-30 АЕК (59-дан 118 мың теңгеге дейін) мөлшерінде субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Жыл басынан бері 563 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 221 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Сонымен қатар, ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін өтеусіз және қайтарымсыз негізде тұрғын үй құнының 50 пайызы немесе бір отбасына 4,56 миллион теңгеге дейін мөлшерінде экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілген.