Жуалы ауданында ауылдар инфрақұрылымы жаңғыртылуда

0 36

Жуалы ауданында шалғайда орналасқан елді мекендерге табиғи газ, таза ауызсу құбырларын тарту және автомобиль жолдарының сапасын арттыру – күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Бұл бағытта өңірде бірқатар жобалар сәтті жүзеге асуда.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, 2025 жылға дейін аудан тұрғындары толықтай таза ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл міндет Жамбыл облысының даму жоспарында да көрініс тапқан. Соңғы жылдары осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып, халықтың тұрмыс деңгейіне оң әсер етуде.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Елдос Кеңесбековтің айтуынша, 2023 жылы Бәйтерек, Тасбастау және Кәріқорған ауылдарында жаңа ауызсу жүйелері салынды. Сонымен қатар Қызтоған, Қаратас және Әбдіқадыр ауылдарында кешенді модульдік блоктар (КМБ) орнатылып, су жүйелері жаңартылды. Қазір 49 елді мекеннің 42-сі орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылып, бұл көрсеткіш 85,7%-ды құрап отыр.

Бөлімнің бас маманы Медет Дамировтің айтуынша, Түктібай мен Ақтөбе ауылдарына қатысты жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім беріліп, құрылыс жұмыстары аяқталған. Ал қалған 5 шағын елді мекенді КМБ арқылы қамту жоспарланған. Қарасау, Көктас, Күркіреусу және Амансай ауылдарына ауызсу тартылып, Қазбастау ауылына КМБ орнату үшін жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылған.

Табиғи газбен қамту бойынша да ілгерілеу бар. Соңғы 4-5 жылда Күреңбел, Жетітөбе және Боралдай ауылдық округтеріне магистральды газ құбыры тартылған. 2023 жылы Қошқарата ауылындағы ішкі газ желісі толық аяқталып, пайдалануға берілді. Бүгінде 49 елді мекеннің 45-і газбен қамтылып, бұл көрсеткіш 91,8%-ды құрайды.

Инфрақұрылымды жақсартуда автожолдардың сапасы да назардан тыс қалмаған. 2023 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 27,7 шақырым жол орта жөндеуден өтті, оның ішінде Б.Момышұлы ауылындағы 18 көшенің жолы жаңартылды. Биыл 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 40 жоба аясында 42,47 шақырым жол жөнделмек. Оның ішінде «Шақпақата-Ынтымақ» жолының 2,73 шақырымы және жергілікті бюджет есебінен 12 шақырым жол жөнделуде.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 824 млн теңгеге 28 жоба жүзеге асырылып, 28,47 шақырым жол жөнделуде. Қазіргі таңда 8 жоба толық аяқталса, 29 жоба бойынша құрылыс жұмыстары жалғасуда.