Жол жөндеу және қысқа дайындық жұмыстары пысықталды

0 111

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте жол құрылысының барысы және алдағы қысқы маусымға дайындық мәселесі қаралды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың мәліметінше, биыл жол саласына 28 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржы есебінен 17,7 шақырым жаңа жол салынып, 6 көпірдің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ 8 шақырым жол қайта жаңғыртылып, 440,5 шақырым жол орта жөндеуден өтуде.

Барлығы 184 жоба жүзеге асырылуда. Оның 23-і – 2024 жылдан өтпелі, ал 161-і – жаңа жобалар. Бүгінгі күнге дейін 136 жобаның құрылысы аяқталып, 48-інде жұмыстар жалғасып жатыр. Дегенмен, Тараз қаласы мен Т. Рысқұлов, Қордай аудандарында кейбір нысандардың кестеден кешігуі байқалады.

Кеңес барысында алдағы қысқы маусымға дайындық барысы да пысықталды. 2025 жылы жергілікті маңызы бар автожолдарды қысқы күтіп ұстауға 385,5 миллион теңге бөлініп, бұл жұмыстарға 27 мердігер ұйым мен 178 техника тартылмақ. Қазіргі таңда 14 925 тонна құмның 7 075 тоннасы, 1 500 тонна тұздың 860 тоннасы дайындалған. Алайда Талас пен Т. Рысқұлов аудандарында қысқы күтіп ұстауға арналған мемлекеттік сатып алу рәсімдері ұйымдастырылмаған, ал Жуалы ауданында бұл жұмыстар әлі аяқталмаған.

«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Айжан Туғанованың айтуынша, республикалық маңызы бар жолдарды қысқы күтіп ұстауға дайындық деңгейі 98 пайызды құрайды.

– Жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары, сондай-ақ қысқы күтіп ұстау мәселесі тұрғындардың қауіпсіздігі мен өңірдің өміршеңдігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан барлық жұмыс уақтылы әрі сапалы орындалуы тиіс. Дайындықтарыңызды қыс көрсетеді, – деген Ербол Қарашөкеев жауапты тұлғаларға жол жөндеу жұмыстарын 1 қарашаға дейін толық бітіруді, сондай-ақ қысқы күтіп ұстауға арналған мемлекеттік сатып алу рәсімдерін 25 қазанға дейін толық аяқтауды тапсырды.

Басқосуда азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы да талқыланды. Облыс әкімі бағаның шекті мәннен аспауын қатаң бақылауда ұстап, анықталған заңбұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылдауды міндеттеді.