Желтоқсаншы, өнер қайраткері Үсіпхан Сейтімбет өмірден өтті
Желтоқсан көтерілісіне белсене қатысушы, актер Үсіпхан Сейтімбет өмірден өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпарат агенттігі.
Қаралы хабарды желтоқсаншы Гүбахрам Жүніс әлеуметтік желіде мәлімдеді.
Қадірлі қанды көйлек, ағайын, туыс, бауырлар, Желтоқсан көтерілісінің күрескерлері, аяқасты суық хабар келіп жетті. Желтоқсан көтерілісінің қаһарман ұлы, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Үсіпхан Сейтімбет бауырымыз біздермен мәңгілікке қоштасып, бұл дүниеден озып кетті, — деп жазды ол.
Үсіпхан Сейтімбет 1960 жылы бұрынғы ОҚО Келес ауданы Игілік ауылында дүниеге келген. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысып, батырлық пен патриотизм үлгісін көрсетіп, жастар қарсылығын ұйымдастыруда белсенділік көрсеткені үшін 1987 жылы екі жылға сотталып, 1989 жылы бостандыққа шықты. 1990 жылы Ғ. Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрының актерлік құрамына қабылданып, С. Балғабаевтың «Ең әдемі келіншегінде» Абдолла, «Қыз жиырмаға толғанда» драмасында Есімсейіт, Д. Исабековтің «Анасын аңсаған қызында» Смат секілді рөлдерді сомдады.