Жазғы демалыс – қауіпсіздік ережелерін сақтайтын кезең
Жаз мезгілі – балалардың асыға күтетін демалыс уақыты. Алайда, бұл кезеңде қауіп-қатер де аз болмайтыны белгілі. Осыған байланысты Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен оның бөлімшелері өрттің алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су айдындарында қайғылы жағдайлардың болдырмауы үшін бірқатар кешенді шараларды қолға алды. Бұл туралы Жамбыл облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында департамент бастығының орынбасарлары полковник Руслан Орынбеков пен азаматтық қорғау полковнигі Ералы Ақылбеков мәлімдеді, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
– Сәуір мен мамыр айлары аралығында өңірде «Қауіпсіздік үшін бірге», «Өртке жол бермеңіз!» және «Қауіпсіз балалық шақ» атты кең көлемді акциялар өткізілді. Балабақшаларда, мектептерде, сауда және ойын-сауық орталықтарында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 10 мыңнан астам ақпараттық жадынама таратылды. 74 өрт-тактикалық оқу-жаттығу және 100-ден астам интерактивті сабақ өткізіліп, 12 мыңнан астам оқушы мен мұғалім қамтылды. Сондай-ақ білім беру мекемелерінде дәрістер ұйымдастырылып, 32 өрт қауіпсіздігі стенді жаңартылды, – деді Ералы Ақылбеков.
Руслан Орынбеков балалардың жаз мезгіліндегі қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты. Ата-аналармен кездесулер, сынып сағаттары ұйымдастырылып, білім басқармасының ресми сайтында қауіпсіздік бойынша жадынамалар мен интерактивті тесттер орналастырылды.
– Шомылу маусымына дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі таңда су жағасында демалуға арналған 13 арнайы орын белгіленіп, су түбін тазарту жұмыстары жүргізілді. Тұрақты және жылжымалы бекеттер құрылып, күн сайын рұқсат етілмеген жағажайларда рейдтер өткізілуде. 360-тан астам ескерту белгілері орнатылып, 400-ден астам профилактикалық рейд ұйымдастырылды. Оған жергілікті билік, полиция және еріктілер жұмылдырылды. Шомылу маусымы басталғалы судағы жазатайым оқиғалар тіркелмеген. Халықты ақпараттандыру үшін бұқаралық ақпарат құралдары, LED-экрандар мен әлеуметтік желілер белсенді қолданылуда. Мектеп оқушылары үшін өрт сөндіру бөлімдерінде ашық есік күндері, экскурсиялар мен флешмобтар ұйымдастырылуда, – деді Руслан Орынбеков.
Мамандар судағы демалыс кезінде ерекше сақтық қажет екенін ескертеді.