Жастарға бағытталған алдын алу жұмыстары күшейтілуде

0 4

Жамбыл облысында «Заң мен тәртіп қағидаты» аясында жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және олардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды кездесу өтті. Шара студент жастармен ашық форматта ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Кездесуге облыстық Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы, Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі мен «Астана» көпсалалы колледжінің өкілдері қатысты. Басқосудың негізгі мақсаты – жастардың заңға деген жауапкершілігін арттырып, құқықбұзушылықтың алдын алу жолдарын түсіндіру.

Іс-шара барысында сөз сөйлеген ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ювеналды полиция тобы бойынша ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Азат Пирматов құқықбұзушылықтың алдын алу қоғам болып атқарылатын жұмыс екенін атап өтті.

– Жастардың құқықтық сауатын көтеру – болашақтағы қылмыстың алдын алудың басты тетігі. Осы бағытта облыс көлемінде 4965 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Жүргізілген кешенді алдын алу шараларының нәтижесінде кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар 15,8 пайызға төмендеді, – деді ол.

Кездесу барысында полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқықбұзушылық түрлеріне тоқталып, олардың заң алдындағы жауапкершілігі мен салдарын нақты мысалдар арқылы түсіндірді. Сонымен қатар, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік, қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері де назардан тыс қалмады.

Іс-шара соңында студент жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан жан-жақты әрі пайдалы ақпарат алды. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын айтып, алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.