Жасөспірімдер қылмысы 37 пайызға төмендеді

0 194

Жамбыл облысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жүйелі шаралар қолға алынуда. Бұл туралы Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Жайдарбек Құттыбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Атап айтқанда, 10 сәуір мен 6 мамыр аралығында өтетін «Жасөспірім» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде күн сайын 548 полиция қызметкері жұмылдырылып, жасөспірімдерге қатысты құқық бұзушылықтар мен қауіптердің алдын алуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтардың алдын алып, олармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын күшейту. Нәтижесінде сегіз күн ішінде 20 қолайсыз отбасы анықталып, 38 кәмелетке толмаған бала ішкі істер органдарының бақылауына алынды.

Бұдан бөлек, девиантты мінез-құлық танытқан балалар арнайы оқу мекемелері мен бейімдеу орталықтарына жіберіліп, кейбір ата-аналарға қатысты заң аясында шаралар қабылданды.

Білім ошақтарында 1277 түсіндіру дәрісі өтіп, 12 дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Сонымен қатар, мектептер мен колледждерде оқушылар мен студенттер арасында анонимді сауалнама жүргізіліп, буллинг пен бопсалау фактілері зерделеніп жатыр.

«Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық деңгейі 37 пайызға төмендеді. Бұл – біздің алдын алу іс-шараларымыздың нақты нәтижесі. Қоғам, мектеп және отбасы бірлесе жұмыс істесе ғана біз жасөспірімдерді құқық бұзушылықтан қорғай аламыз», – деді Жайдарбек Құттыбаев.

Маманның айтуынша, жасөспірімдер қылмысының негізгі себептері – отбасындағы ахуалдың күрделілігі, қоршаған ортаның ықпалы және әлеуметтік жағдайдың төмендігі. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса береді.