Жасөспірімдер бақылауға алынды

0 201

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде Жамбыл облысында да «Жасөспірім» атты алдын алу іс-шарасы басталды. Бұл туралы «Aulieatanews» ақпарат агенттігінің тілшісі хабарлайды.

2025 жылдың 10 сәуірінен бастау алған бұл республикалық рейдтік іс-шара кәмелетке толмағандар арасындағы қараусыздық пен қаңғыбастықтың, сондай-ақ олардың қатысуымен немесе оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

Шара барысында полиция қызметкерлері, прокуратура өкілдері, білім саласының мамандары мен қоғам белсенділері түнгі уақытта жастар жиі жиналатын орындарды аралап, бақылау жүргізеді. Олар кәмелетке толмағандар жасаған әкімшілік құқық бұзушылықтарды тіркеп, ата-анасыз түнде көшеде жүрген жасөспірімдерді полиция бөлімшелеріне жеткізуде. Сонымен қатар, ата-аналарға немесе заңды өкілдерге қатысты бала тәрбиесіне салғырт қарағаны үшін ескерту жасалып, тиісті жауапкершілік жүктеледі.

Полиция өкілдерінің айтуынша, жасөспірімдердің түнгі сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін үлкендердің ертуінсіз сыртта жүруіне тыйым салынған. Егер осы уақыт аралығында балалар қоғамдық орында байқалса, олар полиция бөліміне жеткізіліп, ата-анасы келгенше сол жерде болады.

Сондай-ақ 22:00-ден кейін жасөспірімдердің ойын-сауық орындарында, компьютерлік клубтарда немесе кинотеатрларда да заңды өкілдерінсіз жүруіне рұқсат жоқ.

Рейд басталғалы Жамбыл облысының полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар көп жиналуы мүмкін орындарды анықтап, алдымен интернет-клубтар мен компьютерлік орталықтарды тексеруге кіріскен. Ювеналды полиция бөлімінің мамандары осы орындарда ата-анасыз жүрген жасөспірімдерді анықтап, қажетті шаралар қолдануда.

Айта кетерлігі, жасөспірімдердің 22:00-ден 06:00-ге дейінгі аралықта ойын-сауық мекемелерінде заңды өкілінсіз жүруі – әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады. Мұндай жағдайда ата-аналарға 3 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 11796 теңге көлемінде айыппұл салынады. Егер бұл құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 7 АЕК-ке дейін өсіп, 27524 теңгені құрайды. Ал, кей жағдайларда 16-18 жас аралығындағы жасөспірімнің өзіне де айыппұл салынуы мүмкін, мұндайда айыппұл көлемі 10 АЕК-тен, яғни 39320 теңгеден аспауы тиіс.

«Жасөспірім» іс-шарасы тек құқық бұзушылықтың алдын алумен шектелмейді. Полиция қызметкерлері рейд барысында жасөспірімдердің құқықтарын қорғауға да баса назар аударып отыр. Олар әр балаға жеке көзқараспен қарап, қажетті жағдайда көмек көрсетіп, тәрбиелік әңгімелер өткізуде.

Бүгінде елімізде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты азайту – маңызды мәселелердің бірі. Сондықтан осындай профилактикалық іс-шаралар жасөспірімдерді жаман әдеттерден, құқық бұзушылықтан қорғауға және олардың өміріне оң ықпал етуге бағытталған.