Жас ұрпақты тәрбиелеудің жауынгерлік жолы

0 115

Әр мерейтой – өткенге тағзым, бүгінге баға, келешекке бағдар. Әсіресе, бұл білім мен тәрбие саласында табанды еңбек етіп келе жатқан оқу ордасы болса, маңызы одан сайын арта түседі. Биыл еліміздегі қорғаныс саласына білікті кадрлар даярлап келе жатқан Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық училищесінің құрылғанына 25 жыл толып отыр, деп жазады «Aulieatanews» ақпаратық агенттігінің тілшісі.

Осыған орай еліміздің барлық өңірлеріндегі 13 филиалда мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы Әскери-техникалық училищеде өткен салтанатты жиынға ардагерлер, ұстаздар, курсанттар, «Сардар» әскери-патриоттық клубының мүшелері мен Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары қатысты.

Мерейтой аясында жас буынға үлгі боларлық кездесулер ұйымдастырылып, училищенің тарихы мен жетістіктері баяндалды. Қатысушылар еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бұл оқу орнының қосып отырған үлесіне жоғары баға берді.

Айта кетейік, Әскери-техникалық училище 25 жыл ішінде мыңдаған жас сарбазға әскери білім мен тәрбиенің негіздерін үйретіп, ел қорғанына айналған мамандарды даярлады. Бұл — тәртіп пен табандылықты, рух пен жауапкершілікті ту еткен ұжым еңбегінің жемісі.

Жиын соңында ардагерлер мен құрметті қонақтарға Алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Мерекелік іс-шара ерекше атмосферада өтіп, қатысушыларға зор рухани серпіліс сыйлады.