Жас қалам иелерінің шыңдалу алаңы

0 201

Уақыт керуенінде талай талантты түлетіп, өңірлік журналистиканың өрісін кеңейткен «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «AR-AI» жастар газетінің алғашқы саны жарық көргеніне биыл 20 жыл толып отыр, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Осы айтулы мерейтойға орай облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйіне арнайы барып, басылым ұжымымен кездесті. Алдымен аймақ басшысы «AR-AI» жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабайдың газет тарихынан сыр шертетін фотошежіресін тамашалады.

Кездесу барысында «Aulieata-Media» ЖШС-нің бас директоры Данияр Асқарұлы басылымның қалыптасу тарихына тоқталып, ұжымның бүгінгі жетістіктері мен мерейтой аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндап өтті.

Өңір басшысы өз сөзінде газеттің қоғамдағы рөлін жоғары бағалап, ұжымға ізгі тілегін арнады.

– «AR-AI» жастар газеті – ақпарат кеңістігінде өзіндік бағыт-бағдары бар, мазмұнды да сапалы материалдар ұсынатын беделді басылым. «AR-AI» – жас қалам иелерінің шыңдалу алаңы. Осы редакциядан түлеп ұшқан көптеген журналист бүгінде республикалық басылымдарда, түрлі мемлекеттік және қоғамдық құрылымдарда абыроймен еңбек етіп жүр. Бұл – үлкен мектептің, қажырлы еңбектің нәтижесі, – деген Ербол Қарашөкеев газет ұжымына 1,5 миллион теңге көлеміндегі сертификатты табыс етіп, ұжым еңбегіне шығармашылық табыс тіледі.

Сондай-ақ, бұл күні «Aulieata-Media» серіктестігінің ұжымы белгілі журналист, басылымның алғашқы бас редакторы марқұм Болат Бекжановтың рухына Құран оқытып, дастарқан жайды.

Басылым мерейтойына арналған салтанатты іс-шаралар «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі «Достық үйінде» фототілші, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Алтынбек Қартабайдың «Жастықтың жарқын сәттері» атты фотокөрмесімен басталып, «Жастық рухының жалаугері» атты естелік жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті. Жаңа кітаптың лентасын облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов және Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы кесті.

«Талай жасқа жол ашқан «AR-AI»  тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысын облыс әкімінің кеңесшісі, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман жүргізді. Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов өз сөзінде «AR-AI» газеті өзіндік тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымдардың бірі, жаңалық жеткізуші ғана емес, жастардың бастамаларын қолдайтын, елдік мүддені ту еткен ақпараттық алаң екенін айта келіп, ширек ғасыр ішінде өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, рухани өміріне, жастар саясаты мен мәдениетінің өркендеуіне елеулі үлес қосып келе жатқанын атап көрсетті.

 Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, «Ғұмыр-Дария» газетінің директор – бас редакторы Жаңабай Миллионов, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, еңбек ардагері Сағындық Ордабеков, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев, «Aulieata — Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Данияр Асқарұлы, жастар басылымының 2012-2017 жылдар аралығындағы бас редакторы Гүлнұр Ембердиева  және белгілі блогер Өркен Кенжебек жылы лебіздерін жеткізді.

Салтанатты жиын қорытындысында бірқатар үздік қалам иелері марапатталды.